Елбасы тұрғындардың Жинақбанкінде жоғалтып алған қаржысын қайтару мерзімін 2005-жылға дейін созуды ұсынды

Мемлекет басшысы осы орайда "2003-жылы Қазақстанда қызметкерлердің еңбек өтілі мен жалақысына сәйкес зейнетақы мөлшері өзгертілгенін, жыл басынан бері зейнетақы мен жалақының ең төменгі мөлшері ұлғайтылғанын" еске салды.

Н.Назарбаевтың айтуынша, "өткен 4 жылдағы экономикалық өсім ең төменгі зейнетақы мөлшерін шамамен екі есе, нақтырақ айтсақ, 3000 теңгеден 5800 теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Орташа зейнетақы мөлшері де 4000 теңгеден 8600 теңгеге дейін екі есе өсті. Ең төменгі жалақы мөлшері 2500-ден 6600 теңгеге дейін, жалпы алғанда 2,5 есе өсті. Орташа жалақы 1,6 есе өсіп, 14 мың теңгеден 24800 теңгеге жетті. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі 45 процентке артты".
Елбасының пікірінше, "әлеуметтік-экономикалық даму табыстары бізге орталық Еуропа елдерінің негізгі экономикалық көрсеткіштеріне өкшелей жетуге жол ашты. Ал оңтүстік-шығыс Еуропа елдерін біз басып оздық". "Дүниежүзілік банктің өлшемі бойынша мемлекетіміз қазір орташа деңгейдегі кірісі бар елдердің санатына қосылды",- деді Н.Назарбаев.