Елбасы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті

Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың конфедерациясының президенті Валентина Сиврюкова бұл кездесу үкіметтік емес ұйымдар конфедерациясының 5 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылғанын журналистерге хабарлады. "Өзара сындарлы әңгіме болып өтті. Президент үкіметтік емес ұйымдардың екінші азаматтық форумын күзде ұйымдастыру туралы бастаманы қолдады",- деді В.Сиврюкова. Форум биылғы қыркүйек айында өтеді деп күтілуде. Күн тәртібіне төрт түрлі мәселе енгізілмек. Атап айтсақ, билік пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара ықпалдастық жүйесін дамыту, "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы"

заңды қабылдап жүзеге асыру, бизнес саласының әлеуметтік жауапкершілігі, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ықпалдастығы мәселелері.
"Зубр" деп аталатын әлеуметтік корпоративтік қордың өкілі Виталий Куликтің айтуынша, президентпен кездесуде "азаматтық қоғамның әлеуметтік проблемаларды шешуге атсалысуы, әлеуметтік қызмет түрлерінің сапасын арттыру қажеттігі" талқыланды.
Сонымен қатар алдағы уақытқа арналған жоспарлар сараланды. "Үкіметтік емес ұйымдардың тек түсіндірме жұмыстарын жүргізумен шектелмей, сонымен бірге сарапшылық жасай алатын салаларда мемлекеттік мекемелердің іс-әрекетін бақылай алатындығы алғаш рет атап өтілді",- деді ҚР қант диабетіне шалдыққандар қауымдастығының президенті Наталья Тукалевская.
Елбасымен жұздесуде ҚР бас прокуратурасы тарапынан қазіргі кезде жүргізіліп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметін тексеру жайы да сөз болды. "Президент ең бастысы, қорлардың іс-қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес болса, болғаны деп атап өтті",- дейді Павлодар облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың үйлестіру кеңесінің төрағасы Константин Ковтунец.