Елбасы жол полициясының жұмысына қатаң сын тақты

Атап айтсақ, мемлекет басшысы қазіргі таңда үлкен тауқыметке айналған жол үстіндегі алымдар туралы өзінің хабардар екенін жеткізді. "Жол үстіндегі алымдармен жаппай күресу керек, ондай адамдарды ұстап, жұмыстан қуып, абақтыға қамау керек",- деді Елбасы.

"Біз мұндай жағдаймен міндетті түрде күресетін боламыз. Алайда өз басым, жол үстіндегі қалта қағушылардың әрекеті туралы зардап шегушілердің не себепті тіс жармайтынын түсінбеймін. Тіпті ең бергісін айтқанда сенім телефондары бар емес пе, болмаған күнде тікелей Елбасына шағымдануға болатыны белгілі",- деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы осы орайда мемлекет қолына билік беріп халыққа қызмет етуге МАИ-ға жолдаған жас қызметкерлердің сол билікті бас пайдасына жарататынын қатаң сынға алды. "Бұл дегеніңіз, билік өкілдері сол биліктің өзіне қарсы жұмыс істейтіндігінің айғағы, мұндай әрекетке жол бергендер органдардан аластатылуы тиіс",- деді Елбасы.
Н.Назарбаевтың пікірінше, "қазіргі жол үстіндегі ахуалға "погондары қалпақтай" үлкен бастықтар жауап беруі керек. Егер тәртіп орната алмаса, ондай адам жоғары лауазымы мен қызметінен шығарылсын",- деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, мелмекет басшысы көлік, кеден және экологиялық бақылау қызметтерінің жұмысын да сын тезіне салды. Елбасының пікірінше, "бұл қызметтер тек қалта қағуды ғана кәсіпке айналдырып отыр".