Президент бірден тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынған екі муниципалдық тұрғын үйді аралап көрді.
Жаңа үйдің 3 бөлмелі пәтерін көріп шыққан Елбасы нысан құрылысын салуға атсалысқан Есенов атындағы мемлекеттік университеттің студенттеріне арнап сөз сөйледі.
"Біз алыс болашақты бағдар тұтқан, ауқымы жағынан теңдесі жоқ тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыра бастадық. Бағдарлама үш жылға есептелген. Осы мерзімде біз 12 млн. шаршы метр немесе 200 мың пәтер салып шығуымыз керек. Бұл дегеніңіз, 1 миллионға жуық қазақстандықтар жаңа пәтерлерге ие болады",- деді Елбасы.
Мемлекет басшысы сонымен бірге жастарды елімізді көгалдандыру шарасына атсалысуға шақырды. "Жастар сіздердің алдарыңызда талай асқаралы мақсаттар тұр. Солардың бірі -осы "Жасыл Ел" бағдарламасы",- деді Н.Назарбаев.
Елбасы сонымен бірге студенттерге алдағы жылдары индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес оқытуға арналған гранттар мен несиелердің саны жыл өткен сайын арта түсетінін атап өтті. "Мен сіздердің артынан тек ақша табу үшін ғана емес, сонымен бірге мемлекетіміздің гүлденуі үшін де сапалы білім игерулеріңізді қалаймын",- деді ол.
Студенттер тобының жетекшісі Асқар Сейдалиев президенттен құрылыстың ысқы щеткасына ескерткіш қол қойып беруін өтінді. Бұдан кейін Елбасы "Заречный көшесіндегі көктем" фильмінің әнін студенттермен бірге айтып шықты.
Маңғыстау облыстық әкімшілігінің ақпаратына сәйкес, аталмыш тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен қаржыланды. Бұл нысандар 282 млн. теңгеге салынды. Коммуналдық тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 346 АҚШ долларына бағаланып отыр. Тұрғын үйлер жуырда иелі болады. Пәтерлер әлеуметтік аз қорғалған топтарға, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне беріледі.
2005-жылы Маңғыстау облысында 8,1 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй салынады. Мәселен, Ақтау мен Жаңаөзенде тағы да осындай 50 пәтерлі муниципалдық үй салынбақшы. 2005-жылы республикалық бюджеттен муниципалдық тұрғын үйлер салуға 380 млн. теңге бөлінеді.