Елбасының «А» басқарушы корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңесінде сөйлеген сөзі

Кеңесті бастамас бұрын, ең алдымен, Елбасы Н. Назарбаев кез келген мемлекеттік қызметші барлық жұмысты өз уақытында бастау керектігін еске салып, бүгінгі жиынның да дәл уақытында басталып отырғанын жеткізді. «Құрметті жиынға қатысушылар, мен сіздерді үлкен сынақты еңсеріп, «А» корпусына өтіп, қызметтеріңізге кіріскендеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сондықтан да сіздермен тұңғыш рет кездесуге келіп отырмын. Болашақтағы жұмысты айқындап, міндетті нақтылауымыз керек. «А» корпусы - бұл мемлекеттік қызметтің жаңа институты болып саналады. Оның біліктілік талаптары мен іріктеу ережелерін мен өзім қарап, бекіткен болатынмын», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы іріктеуге болашақ мемлекеттік қызметті таңдаған 2 мыңға жуық адам қатысқанын, әр лауазымға төрт үміткерден болғанын жеткізді. «Солардың арасынан сіздер, біліктеріңіз бен тәжірибелеріңізді дәлелдеп, «А» корпусына іріктеліп алындыңыздар. Сіздер мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтарсыздар, заңдарды жан-жақты білетіндеріңізді дәлелдедіңіздер. Ұлттық комиссияның іріктеуінен сүрінбей өттіңіздер. Бұл жетістіктеріңіздің өзі үлкен абырой», - деді Н. Назарбаев.

Мемлекеттік қызметкерлер заман талабына сай елге қызмет етулері керек.

«Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері қарай біз мемлекеттік қызмет саласын реформалау жолында жұмыс істеп келеміз. Әлемдегі тәжірибенің жетістіктерін мұқият қарадық. Бұрынғы жүйенің барлығы Кеңес одағының қалыптастырған жолымен жүрген болатын. Оның кемшіліктері көп, бүгінгі заман да басқа. Ендеше мемлекеттік қызметшілер заман талабына сай елге қызмет етулері керек. Елдің жағдайы жақсарған сайын мемлекеттік қызметке қатысты талап та ұлғая береді», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Н. Назарбаев мемлекеттік қызметкердің кәсіби біліктілігін арттыруды айрықша назарда ұстап келе жатқанын атап өтті. «Әрбір жаңа басшыны тағайындасақ, ол бұрынғы істеп жүргендердің барлығын босатып, жаңа командасын артынан шұбыртып жасақтайды. Әр мекеменің, әр жұмыс бағытының өз тарихы болуы керек. Бір үй салудың өзі оның іргетасынан басталады. Ал соны ортасынан тоқтатып, мүлдем басқа адамдармен жалғастырсақ не болады? Мемлекеттік қызмет те солай. Саяси қызметкерлер жеңген партияның атынан келіп басшылыққа отырады. Ал аппараттың жұмысы мықты, қызметі берік болуы шарт. АҚШ-та да, батыста да басшылыққа кім келіп жатыр, кім кетіп жатыр, оған еш қатыссыз аппарат қызметі тоқтамайды. Біз де соған ұмтылып жатырмыз», - деді Н. Назарбаев.

Мемлекеттік қызметшінің мансап жолындағы өсуі адамдардың талантымен, кәсіби дайындығымен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан ТМД аумағында ең бірінші болып «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылдағандығын, елдің 2030 жылға дейін арналған тарихи стратегиясы мерзімінен бұрын жүзеге асырылғандығын баса айтты.

«Біздің мемлекеттік аппарат кәсіби, жауапкершілікті әрі қарқынды бола түсті. Әкімшілік мемлекеттік қызмет бізде байқау негізінде қалыптастырылады. Мемлекеттік қызметшінің мансап жолындағы өсуі біздің адамдардың талантымен, жеделдігімен, кәсіби дайындығымен тікелей байланысты», - деді Елбасы.

Н.Назарбаевтың сөзіне қарағанда, елімізге сапармен келген шетелдік қонақтар, ел Президенттері, үкімет басшылары, саясаткерлер мен бизнесмендер қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің жас болғанымен, жұмыстарының сапасы жоғары екендігін айтуда.

Қазақстанның табысты дамуы сауатты басқарушылардың қажырлы еңбегімен байланысты.

«Біздің кездесуімізді тарихи деп те айтуға болады. Өйткені «А» корпусын құру аяқталып, біздің еліміздің кәсіби мемлекеттік аппараты дамуының келесі кезеңі ашылады. Мен әркезде де Қазақстанның табысты дамуын сауатты басқарушылардың қажырлы еңбегімен, әділ, ұстанымды халық қызметшілерімен байланыстырып келемін», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «А» басқарушы корпусына өткен мемлекеттік қызметшілердің жұмыстарына зор сенім артатындығын баса айтты.