«Жарлыққа сәйкес, мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырдым», - деген еді Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде.
Сонымен бірге Н.Назарбаев мемлекеттік бақылауды жетілдіру саласында қабылданатын шаралар туралы хабарлады.
«Жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатын болады. Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, тексерістерді айқындаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай жүйесін әзірлейді. Осы жүйеге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс», - деді Қазақстан Президенті.