Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты республикалық бюджеттің шығыны 112 млрд. теңгеге артады - ҚР экономика министрлігі

Мәселен, министрдің айтуынша, зейнетақы мөлшерін индексациялауға 10,5 млрд. теңге, мүгедектікке және асыраушысынан айрылуға байланысты мемлекеттік арнаулы жәрдемақы мөлшерін арттыруға 15,8 млрд. теңге, Жеңістің 60-жылдық мерейтойын атап өтуге 6,5 млрд. теңге жұмсалады.

Сондай-ақ, кепілді ақысыз дәрігерлік көмек мөлшерін ұлғайтуға 2005-жылғы республикалық бюджетте қосымша 15 млрд. теңге қарастырылып, ауылдық медицина, білім беру, ауыз су бағдарламасы мен ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларына қосымша 35 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ, ауылшаруашылығын дамыту мақсатына 10 млрд. теңге бөлінбекші.
Сонымен бірге, Қ.Келімбетовтың айтуынша, "Қазақстан даму банкінің капитал қорын ұлғайтуға республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден 5 млрд. теңге жұмсалады". Бұған қоса , геостационарлық жер серігін ұшыруға 4 млрд. теңгедей қаржы, ақпараттық технологиялар саябағын дамытуға 2 млрд. теңге қарастырылған.
Министрдің айтуынша, "жалпы құны 150 млрд. теңгеге бағаланған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасына 2005-жылы 50 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр". Оның 14,5 млрд. теңгесі тікелей бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ, Қ.Келімбетовтың айтуынша, "Ұлттық қорға құйылуы тиіс қаржының бір бөлігі аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсалуы мүмкін".
Тарихи отанға оралатын репатрианттарға арналатын квота мөлшерінің 10 мыңнан 15 мың отбасына дейін арттырылуына байланысты осы бағыттағы шығындар көлемі 3,6 млрд. теңгеге өседі.