Бұл туралы бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінде өткен республикалық семинар-кеңесте Ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел айтты.
Республикалық семинар-кеңесте - «Ұлттық спорттық өркендеуі» туралы 2012-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы, Атбегілердің азаматтық Ар-ождан кодексі, «Ұлттық спорт туралы» заңның жобасы, «Ат жарыстары ережелері туралы», «Ұлттық спорттың төрешілері туралы» заңдар мен ережелердің жобалары талқыланды.
С.Түгелдің айтуынша, қазір ұлттық ойындарымызды дамыту саласында проблема өте көп. Республикада ұлттық спортқа арналған техникалық базалар жоқтың қасы десек, ұлттық спорт ойындарынан ұлттық құрамаларды дайындайтын кешендер мүлдем жоқ деуге болады.
«Ондай кешендер көбіне жекелеген адамдардың, монополистердің қолында. Олар оның ішін қажетті құралдармен жабдықтауға ынта таныта бермейді», - дейді ол.
С. Түгел, бапкерлерді оқытып, біліктілігін арттыруға қажетті оқу-әдістемелік құралдардың да бір жүйеге келмей отырғаны өз алдына бір проблема екендігін тілге тиек ете келе, жоғары оқу орындарында ұлттық ойындардан бапкерлерді, төрешілерді дайындайтын факультеттердің жоқтығын айтты.
«Біліктілігі жоғары мамандардың жоқтығынан бапкерлердің, төрешілердің, төрелік беретін тағы басқа адамдардың өрескел қателіктерін көріп жатамыз. Бұған жете көңіл бөлінбесе, ұлттық ойындарымызға кір келтіреміз», - дейді ол.
Оның пайымдауынша, аталмыш түйткілдердің түйінін тарқату үшін ең алдымен, елге Ұлттық спорт ойындарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қажет. Бұған қоса ұлттық спорт туралы заң керек. «Ұлттық спорт ойындарын спорт деп санаймайтындар арамызда әлі күнге дейін бар. Сондықтан да бұған арнайы заң қажет», - деді ол.