Елде жаңа суперкомпьютер іске қосылуы мүмкін

Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Алматы қаласында әлемдегі ең өнімді 500 суперкомпьютер қатарына кіретін AI-Farabium I суперкомпьютері іске қосылды. Бүгінде ол әлемдегі суперкомпьютерлер арасында 103-орында тұр. Сонымен қатар қазіргі уақытта оның есептеу қуаты 100 пайыз қолданылады.

— Мұнан бөлек жаңа деректерді өңдеу орталықтар құрылып жатыр. Биыл қараша айында Қосшы қаласындағы суперкомпьютерді іске қосу жоспарланған. Оны AI-Farabium IІ деп атадық. Оның өнімділігі Алматыдағы суперкомпьютерден 3 есе арттық, 4,3 мың петафлопс болады. Сонымен бірге Қазақтелеком Екібастұз қаласындағы Деректер орталығы алқабын салу жобасының операторы болып белгіленді. Бүгінде 20-дан астам гиперсейл-компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 100 МВт-тан аса қуатқа алдын ала сұраныс қалыптастырылды., — деді Бағдат Мусин.