"Елді мекендерді су тасқыны кезінде қорғайды": Су ресурстары және ирригация министрлігі ауқымды жоба әзірлеп жатыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі таңда бұл өңірлердегі су қоймалары мен каналдарды реконструкциялауға бағытталған 24 жобадан тұратын пул жасалды.

Қазіргі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржысы есебінен іске асыру үшін мемлекеттік инвестициялық жобаға оң қорытынды алынды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027-2029 жылдары жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Жоба Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында көзделген.

«Ауқымды жоба Қазақстанның шығыс облыстарындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Бұл су ресурстарын, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елді мекендерді су тасқыны кезінде қорғауды күшейтіп, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етеді», – деді Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.