Елдің бәсекелестік қабілеті экономиканы дамытуға, демократиялық өзгертулерді одан әрі жалғастыруға бағытталған азаматтық бастамамен беки түсуге тиіс - Назарбаев

"Елдің бәсекелестік қабілеті экономиканы дамытуға, демократиялық өзгертулерді одан әрі жалғастыруға бағытталған азаматтық бастамамен беки түсуге тиіс. Үкіметтік емес ұйымдардың басты міндеті - мемлекетке адами капиталды дамытуға көмек көрсетуге саяды", - делінген бүгін форумның жалпы отырысында ҚР мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев оқып берген президент жолдауында.

"Форум аясында жүргізілетін ашық әрі тең құқылы диалог мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етеді. Соның арқасында еліміз Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға берік іргетас қалап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді", - делінген жолдауда.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы" заңы қабылданып, азаматтық қоғамды дамытудың 2011 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілгенін еске салады. "Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар секторы еліміздегі ең белсенді адамдар жұмыс істейтін ауқымды салаға айналды. Үкіметтік емес ұйымдар серпінді идеяларды өмірге әкелуде үлкен мүмкіндікке ие және әлеуметтік-маңызы бар мақсаттарды шешуде мемлекетке қажетті көмектерді көрсетуге қабілетті", - деп санайды Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы үшінші Азаматтық форум "мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың ықпалдастығына тың серпін беріп, Қазақстанның бәселелестік қабілетін көтеруде елеулі үлес қоса алады" дегенге сенім білдіреді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті