Елена Рыбакина Майами турнирінің ширек финалына шықты

Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемдік рейтингіде 68-орындағы аустралиялық, 21 жастағы Талия Гибсонмен алаңға шықты.

Бұл қос спортшының өзара алғашқы кездесуі еді. Соңғы кезде ерекше жарқырай көрінген Талия Гибсон осы Майами додасының барысында ТОП-20-ға кіретін жапониялық Наоми Осака мен америкалық Ива Йовичті ұтып, сенсация жасаған еді. 

Бірінші партияда Елена қос брейкке қол жеткізді — 6:2.

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина тағы да брейкпен алға кетті. Тағы бір брейк — 5:2. Ақыры матчты эйспен түйіндеді — 6:2. 

Бір сағат 5 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Гибсон бір эйс жасағанымен, бір брейк-пойнтты пайдалана алмады. 

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен таласады. Ол төртінші айналымда рейтингіде 36-сатыдағы румыниялық Жаклин Кристианды жолдан тайдырды — 6:4, 6:1. 

Е. Рыбакина осының алдында Индиан-Уэллс (АҚШ) мастерс жарысының ширек финалында Д. Пегуланы 6:1, 7:6 (7:4) есебімен жеңген еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами мастерс турнирінің төртінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.