Елеусіз қалған ауыл лас су ішіп отыр

Бұл Ошақты ауылындағы қалыпты көрініс. Жасы бар, жасамысы бар, күнделікті ыдысын алып, түгел су тасуға шығады. Өйткені ауылдың өзінде су көзі жоқ. Сондықтан қысы-жазы оны ит өлген жерден тасып ішеді.

-Ауылдағы жалғыз су көзі осы. Мұның өзін тұрғындар 2 шақырымнан тасып ішеді. Бір қызығы бұл су қысы-жазы 72 градус ыстықты көрсетіп тұрады. Өкінішке орай, жуынумен кір жууға жарайтын су, ішуге келмейді.

Ошақты тұрғындарының айтуынша, бұл ыстық су жер астынан 1 жарым шақырым тереңдіктен шығады екен. Температурасы басқа нәрсеге қолайлы болғанымен, ішуге мүлдем келмейді.

Әуелбек Ескенеев,  Ошақты ауылының тұрғыны:

-Бәріміздің ішкі организміміз жетісіп тұрған жоқ. Бауырымыз, бүйрегіміз керек болса жүрегімізде нашар. Жаңағы осы тұрмыстың тауқыметінен, судан болған нәрсе. Сол құсаған дәреже бермеген басшыларға қайтіп көңілің толады.

Ошақты ауылынан бірнеше шақырым жердегі көрші елді-мекенде кей азаматтар суды насоспен тартып, оны сүзгіден өткізіп алады. Бірақ, литрін 1 теңгеден сатады екен. Жұрттың оны тасып әкелуге жағдайы жоқ. Ал, жергілікті әкімдік халықтың мұңын тыңдауға құлықсыз болып шықты.


Ербол Жұмадияров, Ошақты ауылының тұрғыны:

-Біздің ауылдың ақсақалдары үлкен апаларымыз барып, әкімшілікке барған. Сол кезде оларға мазақ қылғандай айтыпты. Әр үй 400 метрден шланга сатып алсаңдаршы, мейлі өзіміз тракторын жіберейік депті да. Ол үлкен кісілерді мазақ қылғаны ма?

Жұрт жиналып, ауыл басшысын шақырса да келмеді. Сөйтсе, жиналыстан қашатындай жөні бар екен. Себебі әкім ауданнан құбыр тартылып жатқан кезде Елібай бөлімшесінің құжаттарын тапсыруды ұмытып кетіпті. Осының кесірінен, жүзге тарта отбасы таза сусыз қалған.

Смайыл Тасқұлов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары

-Біраз үйлер сол кезде қалып кеткен болуы керек. Сол бойынша қазір енді қосымша смета қазір дайындалды. Соны аудан өз күшімен сол жерге биылға су құбыры келіп тұр, со қалған үйлерге тартып береміз деп отырмыз.

Уәдеге сенсек, биылдан қалмай Ошақты ауылы өмір бойы аңсап келе жатқан ауыз сумен шөлін қандырмақ. Ал, қарамағындағы елдің мәселесін жоғары жаққа жеткізуді ұмытқан ауыл басшысына қатысты аудан жетекшілері қызметтік тексеру жүргізбек.