Елімізде адам саудасы тыйылмай тұр: ІІМ жаңа статистиканы жариялады

Қазақстанда алты айда ондаған қылмыс тіркеліп, заңнамалық шаралар күшейтілді, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы. 

Айта кетейік, 30 шілде – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Бұл күн адам саудасының алдын алу, құрбандардың құқықтарын қорғау және қоғам назарын осы күрделі мәселеге аудару мақсатында аталып өтеді.

Қазақстанда да адам саудасына қарсы күрес өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында адам саудасына байланысты 80 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Тіркелген құқық бұзушылықтардың басым бөлігін жезөкшелікпен айналысуға немесе сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау, сондай-ақ жеңгетайлық құрайды. Мұндай 51 дерек анықталған.

Сонымен қатар:

Заңнамалық база күшейтілді

Адам саудасына қарсы күресті күшейту мақсатында Қазақстанда 2024 жылы алғаш рет осы саладағы қоғамдық қатынастарды кешенді түрде реттейтін «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды. Заң аясында мемлекеттік органдар 19 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні бекітті.

Бұдан бөлек, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құрамы жаңартылды. Сондай-ақ тәуекелдерді бағалау, адам саудасының құрбандарын анықтау және оларды қажетті көмек көрсету жүйесіне жолдау қағидалары қайта қаралып, жаңа редакцияда бекітілді.

Сонымен бірге Жоғарғы сот адам саудасына қатысты істер бойынша заңнаманы қолдану тәжірибесіне арналған нормативтік қаулысына өзгерістер енгізді.

Қазіргі уақытта Үкіметтің 2024–2026 жылдарға арналған адам саудасына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Халықаралық ұйымдармен бірлескен жұмыс

ІІМ мәліметінше, адам саудасына қарсы іс-қимыл жұмыстары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, Халықаралық көші-қон ұйымымен (ХКҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен (ЕҚЫҰ), БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (UNODC), сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жүргізіліп келеді.