Синоптиктердің мәліметінше, алдағы үш тәулікте атмосфералық қысымның көтерілуіне байланысты Қазақстанның бірнеше облысында жауын-шашын болмайды, керісінше, ауа температурасы көтеріледі.
"Республикамыздың оңтүстік жартысында қатты ыстық күтіледі, ауа температурасы 40-45 градусқа дейін жоғарылайды. Ал еліміздің солтүстік жартысында ауа температурасы 27-33, ал кейбір жерлерде 35-38 градусқа дейін жоғарылайды деп күтіледі. Ыстық ауа райына байланысты бірнеше облысқа ескерту жарияланды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, "Қазгидромет" өкілдерінің мәліметінше, Қарағанды облысында 25-29 шілде аралығында күндізгі уақытта ауа температурасы 40-42 градусқа жетеді. Ал Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында 45 градус ыстық болады. Жамбыл мен Алматы облыстарында 26-30 шілде күндері 43 градусқа дейін ыстық болады деп болжанып отыр.