Елімізде әлі күнге дейін цирк өнерінің сайқымазақтарын дайындайтын арнайы бөлім жоқ

Бұл бүгін өтіп жатқан «Қазақстан өнері Еуразия кеңістігінде» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз экономикалық жағдайға байланысты цирк өнеріне айтарлықтай дәрежеде қолдау көрсете алмады. Осы жағдай өнердің бұл саласының кенжелеп қалуына түрткі болды», - дейді Астана қаласының Техникалық және кәсіптік білім департаменті бастығының орынбасары Алма Муйтунова.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы цирк өнерінің дамуындағы көкейкесті мәселелер - сайқымазақтарды дайындайтын арнайы бөлімнің жоқтығы мен цирк өнеріне арналған арнайы нысандардың болмауы болып отыр. Ташкент қаласындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Карима Зарипованың пайымдауынша, бұл тығырықтан шығудың бір жолы оған құзырлы органдардың назарын аудару. Ол өз елінде бұл мәселені осылай шешкен көрінеді. Цирк майталмандарының сөзіне қарағанда, өнердің бұл саласын өркендетуде тәжірибе алмасудың маңызы ерекше. Өкінішке қарай тек Қазақстан ғана емес, әлемнің көптеген елдері өз студенттерінің өзге елдерге барып, білім мен тәжірибе алмасуына толық жағдай жасай алмауда.