Елімізде атом электр станциясын салу бойынша пікірталас үдеп жатыр

Бірақ қазірдің өзінде пікірлер екі тарапқа бөлінген – біреулер жылдар өте келе атомның зардабын тартамыз десе, екіншісі ертең энергия тапшылығына тап болып, дағдарысқа түспес үшін, бүгін АЭС салуымыз керек дейді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Осы тұста әлем елдерінің мысалдарына бір көз жүгіртіп өтсек. Атом энергиясы күні кеше пайда болған тақырып емес. Қазір әлемдегі электр энергиясының 10% осы АЭС-тің арқасында өнділіріп отыр. Тіпті, кейбір елдерде атом энергиясы негізгі қуат көзі. Мысалы, Франция тек Эйфель мұнарасымен ғана емес, атом станцяларымен де танымал, олар электр энергиясының 70%-ын осы АЭС-тен алып отыр, АЭС салудан көш бастап тұр десек те болады. Байқасақ, атомнан шегіп жатқан зардабы жоқ.

Ал әлем алпауыттарының көшін бастап тұрған АҚШ кең байтақ жерінің 20%-ын осы атом көмегімен қуаттандырып отыр, соның арқасында әлем елдері арасында атом энергиясын өндіруден алғашқы орынға жайғасқан. Тіпті технологиялары жағынан көш ілгері алға озып кеткен Оңтүстік Кореяның өзі 30%-ға жуық энергияны АЭС-тен алып отыр. Бұның бәрін былай қойғанда Фукусимадан соң есеңгіреп қалған жапондықтар да ес жия сала қайта атом энергиясын өндіруге білек сыбана кірісіп кеткен.

Осы тұста көпшіліктің көкейінде жүрген «Чернобыльды қайда қоямыз?» деген сұраққа жауап беріп көрсек. Иә, Чернобыльде апат болды, оны ешкім ұмытқан жоқ, Фукусиманы да ұмытпадық. Бірақ технология деген бір орнынанда тұрмайтын дүние, елу жылда ел жаңа деген, одан бері қаншама даму мен өсу болды. Заманауи АЭС бұрынғыларымен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз, оны «жарып жіберу» анау айтқандай оңай дүние емес. АЭС-те апат болуы ықтималдығы жоқ десек те болады.

Енді неге әлем елдері АЭС салуға сонша құмар деген сұраққа келсек. Алдымен, бұл ең қуатты әрі тұрақты энергия көзі. Ол күнге не желге тәуелді емес. Сондай-ақ экологиялық таза энергия көзі. Әлем экология деп дабыл қағып жатқанда, жасыл энергетиканы дамыту – ең оңды шешім екені даусыз. Сондықтан атом энергиясы ұғымы ғаламдық жылыну мен жасыл энергетика ұғымдарымен қатар жүреді.

Енді сандарға жүгінсек. Қазір әлемнің 32 елінде 439 АЭС жұмыс істеп тұр. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің деректеріне сүйенсек, бұл реакторлар 392 ГВт электр энергиясын өндіреді. Неге бізге де осы тізімге енбеске?

"Швеция, Франция, Финляндия, Оңтстік Корея мен Жапония сынды елдер, тіпті АҚШ-тың өзі атом қуатын тиімді пайдаланып жатқанда, мол уран қорымен шетте қалғанымыз болмас. Қолымыздан келіп тұрғанда қоныштан басып қалғанымыз жөн деп ойлаймын өз басым", - деді журналист Талғат Жанысбай.