А.Күрішбаевтың айтуынша, тұжырымдамада ауылшаруашылығы дақылдарының тұқым шаруашылығы саласындағы "басымдықтары мен оларды кешенді дамыту жолдары" айқындалады. Вице-министрдің айтуынша, "қазіргі тұқым шаруашылығы жүйесінің басты кемшіліктерінің бірі сол, элиталық тұқымдар репродукциялық мақсатпен арнаулы мамандандырылған тұқым шаруашылықтарына емес, кез-келген ауылшаруашылығы құрылымдарына, соның ішінде осындай тұқымдармен бұрындары не жұмыс істеп көрмеген, немесе арнаулы мамандары жоқ құрылымдарға сатылуда". "Соның салдарынан қымбат элиталық тұқымдар алғашқы жылы-ақ құрдымға кетуде",- деді А.Күрішбаев. Оның болжамына жүгінсек, бұл проблема арнаулы тұқым шаруашылықтары желісін құру арқылы шешілмекші.
Сондай-ақ, министр орынбасарының пікірінше, кейбір дәнді дақылдар бойынша тұқым шаруашылығының дамымай қалуы "сорт түрлерін дер кезінде жаңалауға және оның сапасына кері әсер етіп, астық өндірісін диверсификациялау және дамытуды тежеп отырған басты себепке айналды". А.Күрішбаевтың айтуынша, "қатты сортты бидай, сыра өндіру бағытындағы арпа, бұршақ тұқымдастар, жарма және майлы дақылдар, соя бұршағы, қант қызылшасы тәрізді дақыл түрлері бойынша элиталық тұқымдар өндірісі сұнарысты қамтамасыз ете алмай отыр". Сондай-ақ, көкөніс және бақша дақылдарының элиталық тұқым қоры дамымай қалды.