Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ хабарлады.
Жүк тасымалдаушылар мен ауыр жүк көліктерінің иелеріне республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында жаз мезгілінде қолданылатын уақытша қозғалыс шектеулерін еске салды.
Компанияның мәліметінше, шектеулер дара оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылады және тек ауа температурасы +25 °C-тан жоғары болған кезде, әр өңір үшін белгіленген уақыт аралығында ғана күшіне енеді.
Бұл – жүк көліктерінің қозғалысына толық тыйым салу емес, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын маусымдық реттеу шарасы.
Бұл талаптардың негізгі мақсаты – аптап ыстық кезеңінде жол жабынын сақтау. Жоғары температураның әсерінен асфальтбетон қызады және ауыр жүктемеге сезімтал бола түседі. Осындай жағдайда ауыр жүк көліктерінің қозғалысы жолда іздердің (ойықтардың), толқын тәрізді деформациялардың және басқа да мерзімінен бұрын пайда болатын ақаулардың қалыптасуына себеп болуы мүмкін, – деп хабарлады компания.