Елімізде баспана бағасы алда тағы арзандай бермек

Доллар шарықтағалы жылжымайтын мүлік нарығында сатушылардың емес, керісінше сатып алушылардың дәурені орнаған. Баспананы бұрынғы бағамен өткізе алмасын білгендер оны біраз арзандатып, тіпті құрылысы кеше аяқталған үйдің өзін түрлі жеңілдіктермен қызықтырып беріп жатыр.

Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті:

-Құрылыс компаниялары арасында қазір нағыз «клиент» үшін талас басталған. Сатып алушыларды тарту мақсатында түрлі акциялар жариялап, тіпті бөліп төлеуге де ұсынысты көбейтіп жатыр.

«Клиент» үшін таластың көкесі жыл соңына қарай басталады деп отыр сарапшылар. Сонда баға тағы арзандай түсіп, таңдау мүмкіндігі кеңейеді екен. Тек теңгенің құнсыздана түсуі салдарынан, тұрғын үйдің құны бұдан қолжетімді бола қояды деп айту қиын. Өйткені, доллармен баға түскенімен, теңгемен шақққандағы есебі әлі сол қалпында. Оның үстіне, сол АҚШ ақшасын сату-сатып алу дәлізі ақпан айынан бастап бақандай 6 теңгеге арта түспекші. Тәлкекке түскен теңгеге бұдан келер пайда жоқ дейді сарапшылар.           

Меруерт Махмұтова, сарапшы:

-Оның үлкен бір әсері тиеді деп ойламаймын.  Теңгенің болашағы жалпы Үкіметтен, жалпы билікке байланысты.  Бізде ішкі өндіріс болса, сонда Қазақстан бюджеті, Қазақстан жалпы ішкі өнімі мұнайға ғана байланып тұрмайды. Сонда ғана теңге тұрақты болады.

Ал кеше ғана 343-ті көрсеткен АҚШ доллары тәулік өтпей тағы 6 теңгеге қымбаттап шыға келді. Ақша айырбастау орындары қазір оны 349-дан сатып жатыр. 

Loading...