«Отан отбасынан басталады» деп жатамыз ғой. Осы ретте, отбасын құруға жастардың жауапкершілігі жыл сайын артып келеді деп айтуға болады.
Мысалы, статистиканы қарасақ, елімізде былтырғы 12 айда 120 мың неке тіркелген екен. Ажырасқан отбасылар саны 40 мың екен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы журналист Сәуле Әбілдаханқызы пікір білдірді.
Адамның өмір жолы отбасынан басталады. Яғни, оның жарық дүниеге келген сәттен бастап алған тәрбиесі, өмірлік ұстанымы мен құндылығы, рухани-адамгершілігі мен қоғамдық көзқарасының қалыптасуында ең алдымен отбасы үлкен рөл ойнайды. Сондықтан еліміздегі отбасы институтының дамуын қоғамнан бөліп қарай алмаймыз.
Мемлекет басшысы: «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді», - дейді. Жалпы, үкімет отбасыларға көмек ретінде жәрдемақы көлемінде арттырып келеді.
Қазір, әсіресе, жастар жағы отбасын құруға асықпайды. Оқуын аяқтап, дипломын қолына алып, қызметке тұрып, үй-жайын жасап алған соң барып отбасылы болуды ойлайды. Өмірлік маңызы бар шешімге асқан жауапкершілік және дайындықпен келеді. Отбасындағы міндетті түсінген жастарда бүгін үйлену той жасап, ертең ажырасып кету сияқты жағдайлар болмайды. Қоғам өзгерген сайын адамдар да соған сай бейімделеді.
Бұған қоса, жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту туралы заң күшіне енді. Бұл да отбасындағы келеңсіз жайттарды сауатты, азаматтық қоғамның мүшесі ретінде шешуге мүмкіндік береді. Заң мен тәртіп бар жерде әр отбасы мүшесінің құқығы қорғалады. Осыны түсіну ләзім.
Отбасы – ол да бір шағын ғана мемлекет қой. Әрбір ересек адам өзі бақытты болуы үшін, алдымен өзгелерді, оның ішінде балалардың бақытын ойлау керек. Бала ата-әжесінің, әке-шешесінің жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержететінін білеміз.
Былтыр елімізде 388,4 мың бала, 2022 жылы 403,8 мың бала дүниеге келген екен. Жалпы алғанда қарттар мен балалардың үлесі жалпы халық санының 42 пайызын құрайды.
Бұған қоса, елде өмір сүру көрсеткіші де жыл санап артып келеді. Қария қарты мен сәбиі бар отбасылардың көп болуы қуантарлық жағдай. Бұл қазақтың жылдар бойы қалыптасқан ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға негіз болмақ. Сондықтан отбасының темірқазығы, ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Олардан үлгі алған жастар мен бүлдіршіндер саналы ұрпақ санын арттыра берсін! Қазақтын әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - деп жазды журналист.