Caravan.kz медиа порталының тілшісі дәрі-дәрмектер шекті бағадан бірнеше есе қымбат сатылып жатқаны туралы материал жазған еді. Одан бөлек әлеуметтік желіде жарияланған видео миллионнан астам қаралым жинап, барлық БАҚ құралдары жаппай көшірген. Нәтижесінде дәріханалдар жаппай тексеріске ұшырады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.
Оқи отырыңыз: Шекті бағадан бірнеше есе қымбат сату заңды ма? Дәріханаларды кім бақылайды?
Енді дәріханалар жаппай тексеріле бастады. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері дәрілік заттардың бағасын зерделеп, мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Медициналық препараттардың құнын тұрақтандыру мақсатында мемлекет 4900 дәрі түріне жаңадан шекті баға бекіткен. Егер заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, азаматтарға dari.kz мобильді қосымшасы арқылы уәкілетті мемлекеттік органдарға шағым жолдау мүмкіндігі бар екені түсіндірілді.
Алғашқы тексерістер Атырауда басталды. Кеңес мүшелері дәріханаларды аралап, қоғамдық бақылау жүргізіп жатыр.
"Арнайы үкімет қаулысымен бекітілген дәрілердің шекті бағасы бар. Сонымен салыстырып, қараймыз, зерделейміз. Содан соң егер артықшылық байқалатын болса, біз тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне арнайы хатпен, шағыммен шығамыз", - дейді облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Салтанат Рахимова.
Шекті бағадан бірнеше есе қымбатқа сатылған жағдай анықталған соң, Caravan.kz медиа порталының тілшісі уәкілетті органдарға сауал жолдаған. Жауапты мекемелердің жауабына сүйенсек, бұл нағыз квест. Қарапайым тұтынушы шекті бағамен дәрі сатып алуы үшін, заңгер, IT-маманы, тіпті фармацевт болуы тиіс. Яғни, дәрінің қаптамасындағы ақпаратты зерттеп, мобильді қосымша арқылы QR-кодты сканерлеп дәрінің Қазақстанға келген уақытын біліп, кейін соңғы бұйрықпен салыстыруы керек. Солай ғана дәрінің түпнұсқа екенін және шекті бағасы сақталғанын тексеруге болады. Логика қарапайым, бар жауапкершілік тұтынушыға жүктелген. Ең түсініксіз тұсы да бар. Халықты ақпараттандыру жұмысының жоқтығы. Барлығы тек шекті баға реестрі туралы айтады. Шындығында, бәрі одан да күрделі. Түсінікті болу үшін, төмендегі материалды оқып шығыңыз.
Оқи отырыңыз: Дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағасын тексеру халық үшін нағыз квестке айналды