Бағдарламаның мақсаты - денсаулық сақтау саласындағы жауапкершілікті мемлекет пен адам тең дәрежеде жүктеп алу принципіне негізделген дәрігерлік көмек көрсетудің тиімді жүйесін құру, халықтың денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету саласын басымдықпен дамыту болып табылады.
Бағдарлама екі кезеңмен жүзеге асырылады. 2005-2007-жылдардағы алғашқы кезеңде саладағы кезек күттірмес мақсаттарды шешу көзделіп отыр. Атап айтсақ, дәрігерлік көмек-жәрдемді ұйымдастыру, сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру және басқару жұмыстарын ретке келтіру, дәрігерлік жәрдемді сатылы түрде көрсетуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласының, бірінші кезекте, жедел жәрдем саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, дәрігерлік қызмет сапасын бақылау жүйесін құру, жаңаша ақпараттық жүйе қалыптастыру, саланы ұзақ мерзімді дамыту негіздерін қалау межеленген.
2008-2010-жылдарда жүзеге асыру жоспарланған екінші кезеңде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем беру жүйесін қайта құру, жедел жәрдем мен кезек күттірмес көмек көрсету жүйелерін оңтайландыру, стационарлық қызметтің құрылымы мен желісін жетілдіру, халыққа сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін жаңарту, маман дайындау, озық технологияларды қолданысқа енгізу, менеджментті дамытуға негіз қалау, сапаны бақылау жүйесі мен біртұтас ақпараттық жүйе қалыптастыру жұмыстарын аяқтау көзделген.
Бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджет қаржылары мен басқа да көздерден алынған қаржы жұмсалады. Бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 165,6 млрд. теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 134,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден 31,0 млрд. теңге жұмсау көзделген. 2008-2010-жылдарда саланы қаржыландыру көлемі жыл сайын арттырыла отырып, 2010-жылы ол Жалпы ішкі өнімнің 4 процентіне жетеді деп межеленген.
Денсаулық саласын дамыту бағдарламасының мәтіні республикалық БАҚ-тарда жарияланды.