Бүгінде зауыт желдету жабдықтарымен Қазақстан тұтынушыларын қамтамасыз етіп, отандық өнімдерді Ресей мен Қырғызстанға экспортқа шығаруда. "KAZNEX INVEST" экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің көмегімен Моңғолия мен Түркменістанның нарығына шығуды көздеп отыр, деп жазады khabar.kz. Кәсіпорын жаңа өндіріс орнына көшкен кезде зауытқа республикалық бюджет есебінен бөлек электр желісі жүргізілген болатын. Бұл өндіріс қарқынын арттырды. Сонымен қатар, инновациялық технологияларды сатып алуға грант бөлінді. Нәтижесінде металды иіп майыстыратын және кесетін лазер станоктары сатып алынды.
Зауыт басшылығының айтуынша, мұндай жабдықтар еліміздің басқа кәсіпорындарында жоқ. Ал үнемделген қаржы өндірісті кеңейтіп, жаңа цех салуға және басқа да қажет жабдықтарды сатып алуға жұмсалды.
«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің» көмегімен дәлдігі жоғары станоктарды алдық. Шапшаң және мінсіз жұмыс істейді. АutoCAD бағдарламасында сызбалар жасалып, білдек компьютер арқылы басқарылады», - деп түсіндірді зауыт директоры Қанат Бейісбаев.
Бүгінде зауыт инновациялық идеяларға көңіл бөлуде. Мұнда елімізде баламасы жоқ электр қуатын үнемдейтін вентилятор шығарылады.
«Неміс серіктестерімізбен бірге Қазақстанда осындай вентиляторларды өндіріп жатырмыз. Түріне қарай мұндай вентиляторлар ауаны жылытуға жұмсалатын электр қуатын 60 пайыздан 95 пайызға дейін үнемдейді», - деді Қ. Бейісбаев.