Бұл туралы бүгін Алматыда халықаралық гандбол федерациясының құрлықаралық "Ауыспалы трофей" сайысының басталуына орай өткізілген арнайы баспасөз мәслихатында айтылды.
Гандболдан Қазақстан құрама командасының аға жаттықтырушысы Лев Инеевтің айтуынша, құрылқтық Кубоктың біздің елде өткізілуі, елімізде гандбол спортының дамып жатқандығының айғағы.
Естеріңізге сала кетсек, аталмыш жарыс бүгін Алматыда Б.Шолақ атындағы Спорт сарайында кешкісін басталады. Оған Қазақстан, Конго, Куба және Финляндия командалары қатысады. Құрлықтық дәрежедегі сайыс 21 жасқа дейінгі қыздар арасында өтеді. Бұл "Ауыспалы трофей" жобасы 2010 жылы басталған болатын. Жобаның мақсаты - әйелдер мен ерлер командалары ойыншыларының шеберліктерін шыңдау және жаттықтырушылардың, дене шынықтыру пәні оқытушылары мен төрешілерінің біліктілігін көтеру болып табылады.
Команда жаттықтырушысының айтуынша, біздің құрама команда ойынға сақадай-сай. «Біздің мақсатымыз жақсы ойнау. Сондықтан біздің қыздар барын салуға дайын», - деді Л.Инеев.
Алматы қаласының штаттық ұлттық құрама командасы дирекциясының мүшесі Ғайнижамал Мурсаеваның айтуынша, бүгінде еліміздің әр аймағында гандбол қарқынды дамуда. «Гандбол спортының дәрежесі де жылдан-жылға көтеріліп келеді. Ойыншыларымыз үшін барлық жағдайлар жасалуда. Жаттықтырушыларымыз да жеткілікті. Федерация гандболды дамыту үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Үш жылдан бері жылына екі рет шетелдік, атап айтқанда еуропалық жаттықтырушыларды тартып, жаттықтырушыларымыздың біліктіліктерін арттыру үшін және ойыншыларымыздың шеберліктерін шыңдау үшін дәрістер, түрлі семинарлар ұйымдастыруда. Енді жылдан-жылға тәжірибе жинақтап келе жатқан гандбол, тек алға қарай дами беруі тиіс», - деп атап өтті ол.