Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
ҚМБД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеңес жұмысына қатысқан белгілі ғалым, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ежелгі дәуір әдебиеті және түркология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр Ислам энциклопедиясының мазмұны мен тұжырымдамасы жайлы баяндады.
«Энциклопедия әліппелік көрсеткіш бойынша әзірленеді. Бірінші томға Ислам туралы мақала енгізіледі. Әр томға 3500-ге жуық сөздік енеді. Еңбекке тұлғалар мен жағрафиялық мәліметтердің суреті қоса беріледі. Әр том 560-640 беттен тұрады. Жинақталған мәліметтерге қарай Ислам энциклопедиясы 4-5 том болады»,- деді Төрәлі Қыдыр.
Мәжілісте ғұламалар тарапынан құнды еңбекке қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ислам энциклопедиясын сапалы шығару үшін маңызды мәліметтерді жинақтау қажеттігін айрықша атап өтті.
Айта кетсек, Ислам энциклопедиясын шығару жұмысына Шәмшидин Керім, Мұхан Исахан сынды ғалымдар үлес қоспақ. Бас мүфти мұсылман жамағаты үшін маңызды болатын еңбектің бірінші томын мүмкіндігінше жуық арада жазып шығуды тапсырды.