Елімізде экологияға жұмсалатын шығын қаншалықты нәтиже беруде?

Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын қаражат көлемі бір жылда 1,8 есеге өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы шаруашылық жүргізуші субъектілер табиғатты қорғауға 813,3 млрд теңге бағыттаған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 456,1 млрд теңге болған.

Мұндай орасан шығындар экологиялық жағдайды жақсартты ма? Аталған сұраққа жауап беру үшін табиғатты қорғауға жұмсалған қаражатты өңірлердегі нақты экологиялық жағдаймен салыстыруға болады. «Қазгидромет» деректері көрсеткендей, 2026 жылдың алғашқы жартысында еліміздің бірқатар қаласында ауаның ластану деңгейі жоғары және өте жоғары болған. Сонымен бұл ақша қайда және қандай мақсаттарда жұмсалды? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

813 млрд теңге қайда жұмсалды?

Былтыр экологияға бөлінетін қаражаттың ең үлкен бөлігі 324,7 млрд теңге, яғни жалпы соманың 39,9%-ы табиғатты қорғаудың басқа бағыттарына жұмсалған. Оның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне 179,3 млрд теңге, энергия үнемдейтін технологияларға 127,5 млрд теңге бағытталған.

Қалдықтарды басқаруға тағы 179,3 млрд теңге жұмсалды. Атмосфералық ауаны қорғау және климаттың өзгеруімен күресуге 160,9 млрд теңге, ал парниктік газдар шығарындыларын азайтуға 8,6 млрд теңге бағытталған.

Ағынды суларды тазартуға 103,8 млрд теңге, топырақты, жерасты және жерүсті суларын қорғау мен қалпына келтіруге 31,5 млрд теңге жұмсалды. Ал биоалуантүрлілік пен ландшафттарды сақтауға 3,8 млрд теңге, экологиялық зерттеулерге 8,2 млрд теңге, радиациялық қауіпсіздікке шамамен 1 млрд теңге бөлінген.

Жалпы шығынның 436,7 млрд теңгесі ағымдағы табиғатты қорғау шығындарына тиесілі. Оның 159,9 млрд теңгесі материалдарға, 89,3 млрд теңгесі еңбекақы мен әлеуметтік аударымдарға, 177,4 млрд теңгесі сыртқы ұйымдардың экологиялық қызметтеріне жұмсалған.

Демек, 813 млрд теңгенің бәрін ауа тазартуға немесе өндіріс шығарындыларын азайтуға жұмсалған қаражат деп қарауға болмайды. Оның ішінде энергетика, қалдықтар, су, жер және басқа да бағыттар бар.

Ең көп қаржы қай өңірлерге кетті?

Табиғатты қорғауға ең көп қаражат жұмсаған өңір – Ақтөбе облысы. 2025 жылы кәсіпорындар экологияға 146,5 млрд теңге бағыттаған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі еседен астам көп.

Екінші орында – Түркістан облысы, онда шығын көлемі 123,7 млрд теңгеге жеткен. Бір қызығы, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,7 млрд теңге болған. Алайда Түркістан облысында 2025 жылғы ағымдағы табиғатты қорғау шығындары тек 3,5 млрд теңге. Демек, өсім негізінен ірі инвестициялық жобалардың есебінен қалыптасқан.

Үшінші орында Қарағанды облысы – 97,5 млрд теңге. Алғашқы үш өңірге жалпы 367,7 млрд теңге немесе Қазақстандағы табиғатты қорғау шығындарының 45,2%-ы тиесілі.

Одан кейін Атырау облысы – 91,2 млрд, Павлодар облысы – 72,1 млрд және Шығыс Қазақстан облысы – шамамен 59 млрд теңгемен келеді.

Ал ең төмен көрсеткіш Жетісу облысында – 2,1 млрд, Алматы облысында – 2,8 млрд және Астанада – 3,5 млрд теңге. Алматыда 10,4 млрд, Шымкентте 19 млрд теңге жұмсалған.

Бірақ өңірге көп ақша жұмсалуы оның экологиялық жағдайы жақсы дегенді білдірмейді. Керісінше, ірі өндіріс шоғырланған, экологиялық жүктемесі жоғары аймақтарда табиғатты қорғау шығындары да көп болуы заңды.

Көп ақша жұмсалған өңірлерде ауа таза ма?

Бұл сұраққа жауап беру үшін «Қазгидромет» деректерінің 2026 жылдың алғашқы алты айындағы мониторинг нәтижесіне қарауға болады. Осы кезеңде мамандар 69 елді мекендегі 174 бақылау бекетінде ауа сапасын зерттеген.

Нәтижесінде 27 елді мекенде ластану деңгейі төмен, 24-інде көтеріңкі, 13-інде жоғары, ал бес елді мекенде өте жоғары болған.

Ауаның өте жоғары ластануы Қарағанды, Абай, Жезқазған, Петропавл және Ақтөбе облысындағы Шұбаршыда тіркелді. Ал жоғары деңгей Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Теміртау, Павлодар, Сәтбаев, Түркістан, Риддер, Талғар, Астана, Семей және Ганюшкино елді мекендерінде анықталды.

Бұдан бөлек, жылдың алғашқы жартысында атмосфералық ауаның жоғары ластануының 337 жағдайы тіркелген. Оның 244-і Қарағандыға, 54-і Шұбаршыға, 25-і Атырауға, 11-і Петропавлға және үшеуі Жезқазғанға тиесілі.

Мұнда бірнеше қызық сәйкестік бар. Мысалы, экологияға ең көп ақша жұмсаған Ақтөбе қаласының ластану деңгейі жоғары, ал Шұбаршыда өте жоғары болып отыр. Қарағанды облысы 97,5 млрд теңге жұмсағанымен, облыс орталығы ауа ластануы өте жоғары қалалардың қатарында, ал Теміртауда көрсеткіш жоғары.

Атырау облысында табиғатты қорғауға 91,2 млрд теңге жұмсалған. Соған қарамастан Атырау қаласының ауасы жоғары деңгейде ластанған. Шығыс Қазақстан облысында да осындай жағдай: қомақты шығынға қарамастан, Өскемен мен Риддерде ауа сапасы бойынша мәселе сақталған.

Бірақ бұл барлық жерде бірдей емес. Мысалы, Ұлытау облысы экологияға 7 млрд теңге жұмсағанымен, Жезқазғандағы ластану деңгейі өте жоғары, ал Сәтбаевта жоғары. Солтүстік Қазақстан облысында шығын 9,9 млрд теңге болса, Петропавл өте жоғары ластанған қалалардың қатарында.

Ал Алматыда табиғатты қорғауға 10,4 млрд теңге жұмсалғанымен, қаладағы ауа сапасы әлі де өзекті мәселе. Астанада шығын небәрі 3,5 млрд теңге болған, бірақ елордада да ластану деңгейі жоғары санатта.

Оқи отырыңыз: Алматы жылу электр орталықтары газға көшсе, экология қаншалықты жақсарады?

Түркістан облысының жағдайы біршама өзгеше. Өңір табиғатты қорғауға жұмсалған қаржы көлемі бойынша екінші орында болғанымен, жоғары ластану Түркістан қаласында ғана тіркелген. Кентау мен Састөбе төмен деңгейдегі санатқа кірген.

Бұл салыстырудан «көп ақша жұмсалған сайын ауа міндетті түрде тазарады» деген тікелей тәуелділікті көру қиын. Бірақ мұны экологияға жұмсалған қаражаттың тиімсіздігі деп бірден бағалау да дұрыс емес. Себебі 813,3 млрд теңгенің басым бөлігі ауаны тазартуға емес, жаңартылатын энергияға, энергия тиімділігіне, қалдықтарды басқаруға, су тазартуға және басқа жобаларға бағытталған. Кейбір инвестициялардың нәтижесі бірнеше жылдан кейін ғана байқалуы мүмкін.