Елімізде электр тарифтерінің бағасы 7 жыл бойы өзгермеуі мүмкін: Энергетика министрлігі түсініктеме берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

2 желтоқсанда министрдің "Электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту туралы" бұйрығының жобасы әзірленіп, онда:

"2026–2032 жылдарға арналған шекті тарифтер 2025 жылғы деңгейде бекітіледі", – деп көрсетілген еді.

Министрлік мұны түсіндіре отырып, "Электроэнергетика туралы" заңға сәйкес тарифтерді жеті жылдық кезеңге бекіту – міндетті рәсім екенін және ол 2025 жылдың соңына дейін орындалуы керектігін атап өтті.

"Бұйрық жобасындағы көрсеткіштер макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаға сәйкес жасалды. Бағаларды өсіруге мораторий енгізілгендіктен, министрліктің келесі жылдарға жоспарлы тариф өсімін нормативтік актіге енгізуге құқығы жоқ. Сондықтан құжат қазіргі бағаларды бекітеді", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.