Елімізде кадр тапшылығы күшейіп келеді: Шетелдік жұмыс күшіне тәуелділік азая ма?

Мұндай парадокс қалай туындап отыр? Үкімет қандай шараларды ұсынды? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады.

2035 жылға дейін қандай мамандар қажет?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы кәсіптердің өкілдері. Қазір еліміздегі еңбек күші 9,8 млн адамды құрайды, оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған.

Еңбек нарығында жұмысшы мамандарға сұраныс та жоғары. Электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға арналған. Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылы жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасына 845 мың бос жұмыс орнын орналастырған, оның 432 мыңы жұмысшы кәсіптерге тиесілі. 

2035 жылға дейін мамандарға деген ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында қалыптасады деп болжанып отыр.

Сұранысқа ие мамандықтардың тізімі де кеңейтілді. Бұған дейін 51 мамандық болса, қазір олардың саны 174-ке жетті. Тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы сияқты бағыттар енгізілді. 

Ауыл шаруашылығында қазір шамамен 1,1 млн адам жұмыс істейді. Оның 595 мыңы, яғни 55 пайызы – жұмысшы кәсіптердің мамандары. Саланың дамуына байланысты 2035 жылға дейін ауыл шаруашылығына тағы 73 мыңға жуық білікті жұмысшы қажет болады. Ал өнеркәсіп пен құрылыс салаларында мамандарға деген қажеттілік 36,7 мың адамды құрайды. 

Неге Қазақстан шетелдік жұмыс күшін тартады?

Жергілікті еңбек нарығында қажетті мамандар жетіспеген кезде кәсіпорындар шетелдік жұмыс күшіне жүгінеді. Қазақстанға жыл сайын шамамен 300 мың шетелдік азамат еңбек ету үшін келеді.

Бұл жерде мәселе тек жұмыссыздық деңгейінде емес. Демек, Қазақстанда жұмыс істегісі келетін адамдар жеткілікті, бос жұмыс орындары да бар, бірақ жұмыс беруші талап ететін білімі мен дағдысы бар маманды табу қиын.  Яғни мәселе тек жұмыссыздық деңгейінде емес. Еңбек нарығындағы сұраныс пен мамандардың біліктілігі сәйкес келмейді дегенді білдіреді. 

Кейбір кәсіптер өзгереді, жаңалары пайда болады

Еңбек нарығына әсер ететін тағы бір фактор – технологияның дамуы. Алдағы жылдары 200-ден астам жаңа кәсіптің пайда болуы күтіледі. Сонымен қатар қазір бар мамандықтардың да мазмұны өзгеруі мүмкін.

Жасанды интеллектінің дамуына байланысты мамандарға қойылатын талап та өзгереді. Еңбек министрлігінің болжамынша, 2035 жылға қарай жасанды интеллект Қазақстандағы кәсіптердің жартысына жуығына әсер етуі мүмкін. Ал шамамен 4 млн қызметкерге ЖИ құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру қажет болады.

Сондықтан кәсіби стандарттарға цифрлық сауаттылық, жасанды интеллект құралдарын пайдалану, BI-талдау және киберқауіпсіздік негіздерін енгізу жоспарланып отыр. 2026 жылдың соңына дейін кәсіби стандарттармен 600-ден астам жұмысшы кәсіпті қамту көзделген. 

Басқаша айтқанда, болашақта бір мамандықты меңгеріп, сол біліммен бүкіл еңбек жолын жалғастыру қиындай түсуі мүмкін. Қызметкерге үнемі жаңа дағдыларды үйреніп, біліктілігін жаңартып отыру қажет болады.

Колледждер жүйесі қайта құрылады

Қазір Қазақстанда 763 колледж жұмыс істейді. Онда 556 мың студент білім алады. 2026 жылы 160 мамандық бойынша 3 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды. 

Үкімет дуалды оқыту жүйесін де кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде бұл жүйеге 552 колледждегі 138 мың студент тартылған. Оқытуға 11,6 мыңнан астам кәсіпорын қатысады. Мұндай жүйеде студент теориялық білімді колледжде алып, практикалық тәжірибені кәсіпорында жинайды.

2026 жылы колледждерге мемлекеттік тапсырыс бойынша 133 мың студент қабылдау жоспарланған. Оның 70 пайызы техникалық бағыттарға беріледі. Ал кәсіпорындардың нақты өтінімдері бойынша 10 мыңнан астам студентті кейін жұмысқа орналастыру міндеттемесімен оқыту көзделген. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы 3 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылған.

Алайда кадр даярлау мәселесі тек оқу бағдарламаларына байланысты емес. Колледждердің материалдық-техникалық базасына да қатысты мәселе бар.

Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 70 пайыздан астамы 40 жылдан бұрын салынған ғимараттарда орналасқан. Бұл қазіргі өндіріс талаптарына сай маман даярлауды қиындатады. Өйткені заманауи кәсіпорындар жаңа технологиялар мен жабдықтарды пайдаланады, ал студенттер оқу кезінде сол техникамен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болуы керек.

Сондықтан колледждерді жаңғырту, заманауи зертханалар мен шеберханалар ашу, өндірістегі құрал-жабдықтарға жақындатылған оқу базасын қалыптастыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Үкімет колледждердің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. 

Жаңа кәсіптерді кім анықтайды?

Еңбек нарығындағы өзгерістерді дер кезінде бақылау үшін Қазақстанда кәсіптердің трансформациясын қадағалайтын арнайы орталық құру жоспарланып отыр.

Оның негізгі міндеттерінің бірі – қандай мамандықтарға сұраныс өсіп келе жатқанын, қай кәсіптердің өзгеріп жатқанын және болашақта қандай жаңа дағдылар қажет болатынын анықтау.

Сонымен қатар кәсіптік білім беру, біліктілікті растау, жұмысқа орналасу және адамның кәсіби дамуын бір жүйеге біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе құру көзделіп отыр. Big Data мен жасанды интеллект арқылы экономикаға қандай мамандар қажет екенін алдын ала болжау жоспарланған.

Бұл мәліметтер білім беру жүйесіне де берілуі тиіс. Яғни экономикада жаңа бағыт пайда болғаннан кейін бірнеше жылдан соң ғана маман даярлау емес, сұранысты алдын ала болжап, қажетті кадрды алдын ала дайындау көзделеді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде де салалар мен өңірлердегі нақты еңбек нарығының сұранысын ескеру ұсынылды. Ал ескі біліктілік анықтамалықтарынан кәсіби стандарттарға біртіндеп көшу 2030 жылға дейін аяқталуы тиіс.