Сенат депутаты Нариман Төреғалиев көрші елдерден әкелініп жатқан ескі көліктер мәселесін көтерді.
«Біздің депутаттық сауалымызға себепші болған мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден сатып әкелініп жатқан әбден тозығы жеткен ескі көліктерге қатысты болып отыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор облыстарымен шекараласып жатырғаны белгілі. Әуелден «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» демекші, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасымыз одан әрі дамып, саудамыз жылдан жылға жандануда. Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында шекаралардан әрлі-берлі өту біраз жеңілдегеннен кейін алыс-беріс те, барыс-келіс те жақсара түсті. Соның бір айғағы – соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында тіркелген автомобильдердің саны күрт өсуде, бүгін облыста 143 мыңнан астам көлік тіркелсе, соңғы 5 жылда 43 мың көлікке өскені белгілі болып отыр», - деді Төреғалиев премьер-министрге жолдаған сауалында.
Сенатордың айтуынша, бұл қуантарлық жағдай, бірақ сол Ресей Федерациясынан сатып әкелініп жатқан ескі көліктер еш жерде тіркелмей, жол ережелерін бұзуға әбден әуестеніп кеткені халықты және құқық қорғау органдарын да әбігерге салуда.
«Бұған дәлел, былтыр, 2018 жылы облыс аумағында 3724 әртүрлі жол көлік оқиғалары орын алған болса, соның ішінде 583 жол көлік оқиғасы шетелдік көліктерді тізгіндегендердің үлесінде. Солардың 102-сі жол көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен көліктер болса, бір жағдай адам өліміне алып келді. Шетелден сатып әкелінген көліктердің қатысуымен болған жол ережелерін бұзушыларды анықтау өте қиынға соғуда, оларды тіркеу немесе бақылау мәселелері заңды түрде реттелмегендіктен, қашып кеткен көліктерді іздестіру оңайға соқпай отыр және әкімшілік шара қолдану мүмкіндігі де шектеулі. Себебі көліктің иесі шетелдік азамат, ал бізде ол машинаның иесі кім екені белгісіз. Осындай иесіз көліктер әр-түрлі қылмысқа барушылар үшін де қолайлы екені даусыз», - деді Нариман Төреғалиев.
Сенат депутатының мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізген іс-шаралар кезінде ресейлік нөмірмен жүрген көліктерді анықтап, есепке алу мақсатында 1074 көлікке қатысты Ресей Федерациясына жіберген сұранысқа 215 жеңіл көлікке қатысты жауап алған, оның 68-і бойынша сол елдегі көлік иелері салық төлемеу үшін тіркеуден шығарып тастағаны, бұдан басқа 4 көлік халықаралық іздеуде екені анықталған.
«Өкінішке қарай, облыста тіркелмеген шетелдік нөмірмен жүрген көліктер жолаушылар тасумен қатар жүк тасымалымен айналысуда. Олар тіркелген жері бойынша техникалық байқаудан өтуге тиісті көліктер, ал іс жүзінде тек қолдарында талондары бар. Ал олардың нақты техникалық байқаудан өткен-өтпегендігін анықтау мүмкін емес. Осы аталған жағдай тек Батыс Қазақстан облысына ғана тиесілі мәселе емес, бұл барлық Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен шекаралас жатқан Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Өскемен, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Астана қаласында орын алып отырған жағдай. Соңғы кездері Армения, Қырғызстан елдерінен де өте көп ескі жеңіл көліктер сатып әкелінуде. Шет мемлекеттерден Қазақстанға сатып әкелінген көліктерді тіркеуге алу қолданыстағы заңмен белгіленбегендіктен осы ескі көліктердің санын анықтау да мүмкін болмай отыр. Бұл аз болғандай, заңсыз көліктер Монғолиядан да әкелініп жатыр», - деді ол.
Ол еліміз бойынша статистикалық мәліметті де келтірді. 2018 жылдың 1 желтоқсанында тіркелген жеңіл көліктердің саны 4 млн 48 мың бірлікке жеткен, соның 63,5 % пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер.
«Демек, еліміздегі автомобиль паркінің ескіруі экологиялық мәселелерді ушықтыра түсуімен қатар, экономикалық шығындарды да еселей түсуде. Мемлекет тарапынан осы мәселені шешуге үшін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес ескі көліктерді жою ережелері қабылданғанын білеміз. Алайда шетелде немесе біздің елде тіркеуде жоқ ескі көліктерді жоюдың өзі екі талай. Қорытындылай келе, шетелдік «сырты бүтін, іші түтін» жеңіл көліктердің тізгініне қаншама адамның өмірі тәуелді екенін айтпай - ақ түсінуге болады. Адамның өмірі мен оның қауіпсіздігі ең басты мәселе екенін атап өткім келеді», - деп түйіндеді сенатор.