Елімізде клеткаларды трансплантациялауға бағытталған бірегей операциялар жасалды

Эмбрион жасушаларын қалқанша безге трансплантациялауға арналған осындай операция елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл жолы Қарағандының 29 жастағы әйеліне операция жасалды. Ол алғаш рет жүкті кезінде ауруға шалдыққан. Екі жылға созылған дәстүрлі гормондармен емдеу тәсілі нәтиже бермепті. Сөйтіп, авторы ҚР денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев болып табылатын клеткаларды трансплантациялау жөніндегі бірегей операцияны жасау туралы шешім қабылданды.

Ал екінші операция бауыр клеткаларын ауыстыруға бағытталды. Оған академиктер М.Әлиев пен Ж.Досқалиев қатысып, дәрігерлер бауырдың цирроз дертіне шалдыққан 54 жастағы Алматылық азаматшаға операция жасады.
Бұл екі операция да эмбрион клеткаларын ақаулы органдарға кіріктіруге бағытталған бірегей операциялар сериясының жалғасы болмақ. Астанадағы республикалық клиникалық аурухананың базасында биылғы жыл бойы бауыр циррозының алғашқы сатыларында клеткаларды трансплантациялауға бағытталған бірнеше операция жасалды. Нәтижесінде науқастардың ахуалы әжептәуір жақсарды. Бұл жағдай жұлындағы осындай операциялардың жаңа цикліне көшуге жағдай жасап отыр. Биылғы жылдың тамыз және қазан айларында трансплантациялауға бағытталған табысты операциялар жүзеге асырылды. Ал қалқанша бездегі операция - осынау ауқымды жұмыстар топтамасының кезекті кезеңіне негіз қалап берді.