Соңғы ондаған жылдар бойы жылу және электр энергетикасы секторы бірқалыпты күйде жұмысын жасап келді. Қазандықтар мен құбырлар ескі күйінде қалып келді. Ақшаның жетіспеушілігінен жаңарту жұмыстары жүргізілмеген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Келесі жылы коммуналдық қызметтерге төлемдер айтарлықтай өсетіні анық болып отыр. Болжам бойынша, өсім 20–30% шамасында болады. Бір бөлмелі пәтер үшін бұл шамамен 3,5 мың теңгеге, ал екі бөлмелі пәтер үшін 5–7 мың теңгеге қымбаттайды. Қазір «бір бөлмелі» пәтердің орташа төлемі шамамен 25 мың теңгені құрайды, ал өсімнен кейін айына 28–30 мың теңгеге жетеді. Зейнеткерлер, көпбалалы және табысы төмен отбасылар үшін тұрғын үй көмегі қарастырылған, оның аясында шығындардың бір бөлігі өтеледі.
Жыл сайынғы 20–30% тариф өсімі, шын мәнінде, инфрақұрылымды 40% жаңарту құны болып отыр. Қазір стратегиялық нысандардың тозуы 65%-дан асады, кей жерлерде 100%-ға жетеді. Алдағы жылдары жаңғыртуға шамамен 13 трлн теңге қажет.
Енді тарифтерге инвестициялық міндеттемелер енгізіледі. Төлем тек қазіргі қызмет үшін ғана емес, болашақтағы жаңғырту үшін де алынады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ұлттық жоба аясында субсидиялау тетіктері қолданылады: тарифке тек 10% ғана қосылады, ал одан жоғары соманы компаниялар мемлекет қолдауы есебінен қайтара алады. Қарыз алушылар үшін тиімді мөлшерлеме 10%-дан аспайды, бұл болашақ тариф өсімінің жүктемесін азайтады.
Ұлттық жоба өткен жылдың желтоқсанында мақұлданды. 13 трлн теңгеге 86 мың шақырым коммуналдық желілер салынып, жөнделеді және жалпы қуаты 7 ГВт-тан асатын қосымша генерация көздері іске қосылады. Жобаны қаржыландыру бюджет, Ұлттық қор, банктер, инвестициялық қорлар және акционерлер есебінен жүзеге асырылады.
Брифингте монополистерге берілетін субсидиялар сынға алынды. Журналистер «бәрін салық төлеушілердің мойнына іледі» деп алаңдады. Бұған Бозымбаев:
«Ал оны кімге ілу керек? Ағайын Генaға ма, әлде ағайын Воваға ма? Бізде апаттар жиі болады, шығындар өте жоғары, қызмет сапасы төмен. Инфрақұрылымды қысқа мерзімде жаңғырту қажеттігі айқын», - деп жауап берді.
Премьер-министр Олжас Бектенов шілде айында-ақ тарифтердің өсуі жалғасатынын ескерткен болатын. Ол бұл мәселені ауыр және жағымсыз деп атады. 2024 жылы коммуналдық тарифтер 15–20% өсті. Бастапқыда өсім бұдан да жоғары болуы тиіс еді, бірақ инфляцияны үдетпеу үшін үкімет оны шектеді. Соған қарамастан, өсім қазірдің өзінде сезіледі: суық су екі есе қымбаттады, кәріз қызметі 34%-ға, жылу да айтарлықтай өсті.