Жаңа оқу жылына дайындық ата-ананың қалтасын қағатыны жаңалық емес. Оның үстіне биыл өскемендіктер негізгі пәндер бойынша оқулықтарды да сатып алуға мәжбүр. Оның өзін табу оңай емес. Қаладағы бар болғаны үш кітап дүкенінің алды екінші күн ығы-жығы адамға толы.
Ерлан Бақтыбаев, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Кішкентай қызым екінші сыныпқа барды. Соған кітаптар жетпей қалды. Жолдасым тізім жазып берді. Сол тізім бойынша қазір кітаптарды сатып аламын. Бар болады деп үміттенемін.
Бастауыш сыныптарының оқулықтары Алматыда да жетіспеуде. Жұрт сөрелерді аңдып, еселеген бағаға сатып алуға мәжбүр. Яғни қалалық білім басқармасы «биыл оқулық тапшылығы» болмайды деген сөзі жайына қалды.
Нұрхан Әбекова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Кітап алып отырмыз. Керекті кітап 8 еді, 6-ын ғана алдық. Бейнелеу мен музыка жоқ екен.
Айбек Тұяқов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Үш күн болды келесің адам толы. Мектепте кітап жоқ, міне осы келіп жүрміз. Атамұраң да, анауың да осы. Кітап жетпейді.
Ал ел Шығысындағы оқулық тапшылығына баспагерлердің еш қатысы жоқ болып шықты. Бұл жолы кітаптарды өңірге жеткізу жағы дұрыстап қолға алынбаған екен.
Жаңа оқу жылында шығыс қазақстандағы мектептердің оқулыққа зәру екендігін білім басқармасындағылар да мойындап отыр. Баспаханалардан кітаптарды жеткізіп беру жөніндегі арнайы тендерді ұтып алған мекемелер кінәлі дейді. Олар дер кезінде өз міндеттерін орындамаған. Дегенмен, қыркүйектің соңына дейін оқушыларды жаппай оқулықтарды қамтамасыз етеміз деп уәде беріп отыр шенеуніктер.
Биыл білім ордаларын қажетті оқулықпен қамтамасыз ету үшін қаражат аямай бөлініпті. Алматыда 1 млрд, ал Шығыс Қазастанға 470 млн. теңге жұмсалған. Ақша бар, бірақ кітап жетпей жатыр. Әсіресе 1,2,5, және 9 сыныптарға қажет оқулықтар тапшы.