Елімізде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлер қаңырап бос тұр

Бұл елордалықтардың зарыға күтіп жүрген тұрғын үйі. Мемлекеттік бағдарламамен құрылысы 6 жыл бұрын басталған нысан қазір тұралаған.  Пәтерді салып жатқан мердігермен арадағы келісім де, күшін жойыпты. Енді миллиондаған қаржы жұмсалған баспана қаңырап бос тұр.

Тұрсынғазы Ақжолтаев, Астана қаласының тұрғыны:

-Сыртын қаптады. Содан кейін тастады. Күнде қарап қоямын ашық-шашық солай жатады. Ешкім келген жоқ 4 жыл болды .

-Құрылысы тоқтаған бұл үй 4 жыл емес, қырық жыл бойы тұралағандай. Қазір мұнда тірі жан жоқ. Құрылыс материалдары жан-жақта шашылып жатыр. Негізінен бұл үй бір жыл бұрын пайдалануға беріліп, тұрғындар қоныс тойын тойлауы керек болған. Бірақ құрылыстың сағызша созылғанына қарағанда пәтерін асыға күткендердің арманы жақында орындалмайтын сынды.

Армандары орындалмайтын тек астаналықтар емес. Семей, Өскемен, Орал қалаларында да мердігердің жауапсыздығынан баспана уақытылы тапсырылмаған. Сондықтан мұнда да құрылыс компанияларымен арадағы келісім жойылып, жұмыс тоқтап тұр.

-Ешкім жоқ мұнда. Кірмеңіздер!

Бағдарламаның былығын естіп жағасын ұстаған депутаттар бүгін құрылысқа жауаптыларды бір сыбап алды. Десе де, «Қолжетімді баспана» бағдарламасынан қаңырап қалған пәтерлерді қатырып салуы тиіс «Бәйтерек» холдингі, тұралаған баспаналарға еш қатысымыз жоқ деп өздеріне шаң жуытар емес.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшысы:

-Олар «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан үйлер емес. «Қол жетімді баспана» бағдарламасының жобалары. Бірақ біз оларды жалғастырып жатырмыз. Биыл бітіреміз.

Бірақ алты жылда тұрғызылмаған үйлердің биыл салынып бітетініне жұрт сенбейді. Ал, оларға баспанасын уақтылы салып бермеген мердігер компанияларға үлкен мөлшерде айыппұл салынбақ.

Loading...