Мәжіліс депутаты жұмысын алдымен студенттердің ахуалынан бастады. Емханасына барды, жатақханаға да бас сұқты. Қайтарында көрген кем-кетіктерін түзетуге тапсырма берді.
Депутат осындан кейін қоғамның ең кіші мүшелері – балалар жағдайымен танысуды құп көрді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі. Сөйтіп, қаладағы мүгедек балалы ата-аналар қауымдастығы орталығына барды.
Айта кетсек, бүгінде елімізде 600 мыңнан астам бала мүгедек санатында екен. Соның 65 мыңы кәмілет жасына толмағандар. Бірақ соның барлығына бірдей маман көмегі көрсетіле бермейді. Өйткені, мәселен мына орталық небәрі жүз балаға қызмет көрсетуге қауқарлы. Кезек күтіп тағы 200-і тұр.
Әсия Ахтанова, Мүгедек балалы ата-аналар қауымдастығының төрайымы:
- Барлығына көмек көрсеткіміз-ақ келеді. Оған шама жоқ. Сондықтан арнайы осындай балалар үшін әлеуметтік бағдарламаның қайта қаралғанын қалаймыз. Маман ретінде оған қолдау көрсетуге әзірміз.
Сондай-ақ кездесу барысында әлеуметтік қызметкерлердің жағдайы да сөз етілді. Әсіресе, жалақы мәселесі. Өйткені ауру баламен алысып жүргеніне қарамастан бұл саладағы мамандар нәбірі 30-40 мыңның жалақысымен жүр.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
- Бала мен қарттың жағдайын түземей ел бола алмаймыз. Сондықтан осы мақсатты қолға алып, Алматының әлеуметтік орталықтарын аралап шықтым. Кем-кетіктер болса, мемлекеттік тұрғыдан жөндеуге тиіспіз.
Депутат қарттар мәселесіне де ден қойды. Соңғы санақ бойынша, елімізде кәрілігін қариялар үйінде өткеріп жатқан 7 мың адам бар екен. Соның 300-ге жуығы Алматыдағы мына орталықта тұрады. Содан болар, өткен аптада Дариға Назарбаева бастаған Мәжіліс депутаттар әке-шешесін қарттар үйіне өткізгендерге алимент төлетуді міндеттеуді ұсынған болатын.