С.Нұғмановтың айтуынша, қазіргі жағдаймен 3793 жылжымайтын мүлік нысандары заңдастырылды. Оның 3683-і тұрғын үй нысандары, 110-ы баспанаға арналмаған нысандар. "Әсіресе Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары белсенділік танытуда",- деді ол.
Вице-министрдің мәліметтеріне сүйенсек, қазір заңдастырылған 4 мыңдай нысанның небәрі 12-сі ғана жылжымайтын мүлік орталықтарында тіркелген. "Еліміз бойынша заңдастырылған 4 мыңдай нысан қожайындарынан бар-жоғы 12 адамның нольдік ставкамен тіркету үшін БТИ-ға келу дерегіне мен сенбеймін. Бұл жерде біз өзімізді-өзіміз алдап отырған сияқтымыз",- деді С.Нұғманов семинарға келген жергілікті атқарушы билік органдары өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде.
Вице-министр тіркелмеген меншік иелерінің белсенділігі төмен екенін де атап өтті. "Былтыр әділет министрлігі еліміз бойынша жылжымайтын мүлік нысандарына санақ жүргізген. Соның нәтижесінде меншіктену құқығы тіркелмеген 1,5 млн. жылжымайтын мүлік нысандары анықталды. Ал қазір келіп түскен өтініш - 105 мың ғана",- деді ол.
Осыған байланысты С.Нұғманов мемлекет басшысының тапсырмасымен мүлікті заңдастыру мерзімін 2007-жылдың 1-сәуіріне дейін ұзарту жоспарланып отырғанын еске салды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті