Ұялы байланыс операторлары абонентсіз қалуы мүмкін. Егер Мәжіліс жақын арада «Байланыс туралы» заңды қабылдаса, онда әрбір тұрғын қолындағы ұялы телефонының нөмірін қалаған операторына тегін ауыстыруға құқылы. Мұндай өзгеріс бұрын-соңды елімізде болмаған. Сондықтан пилотты жоба алдымен Астана мен Алматыда сыналып көрмек.
Виталий Ярошенко, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің басқарма басшысы:
-Егер оператордың қызмет көрсету сапасы, бағасы ұнамаса, онда өзгесін таңдауға құқылысыз. Алдымен сіз таңдаған оператордың кеңсесесіне келіп, өтініш жазуыңыз керек. Сізді 2 сағаттың ішінде басқасына ауыстыруға міндетті.
Ал, байланыс операторлары болса бұл өзгерісті құптап отырған жоқ. Бірақ, амалсыздан дайындалуға кіріскен. Енді әрбір абонентті өзінде қалдыру үшін текетірестің басталары сөзсіз. Оның үстіне нарықта бәсекеге қабілетті оператор ғана өзіне миллиондаған тұтынушы жинап алуға мүмкіндік алып отыр.
Убартас Миндаугас, «Теле 2» компаниясының коммерциялық директоры:
-Бұдан үркудің қажеті жоқ. Абонент ештеңе жоғалтпайды. Мүмкін басқа әріптестер қорқып отырған шығар. Тиімділігі көп болады деп ойлаймын.
Бұған дейін министрлік тіркелмеген нөмірлерді жаппай өшірткізіп тастаған еді. Енді операторлар әр клиент үшін таласуға мәжбүр болады. Тілдесу құнын түсіріп, түрлі жеңілдіктерге баруға тура келеді. Бірақ бұл бастамаға жұрт сенімсіздікпен қарап отыр.
-Сен сөйлессең де, сөйлеспесең де тарифтер бар күніге 60-70 теңге жұлып алады. Сондай тарифтермен ұтып отыр ғой.
-Мысалы мен сол активтегі нөмірмен теле2-мен де бірге сөйлесе алсам, онда қолдануға болады.
Қазір Инвестиция және даму министрлігі техникалық жұмыстарды аяқтадық деп отыр. Үлгермей отырған тек бірқатар байланыс операторлары. Олар нөмірді ауыстыру бойынша желілері мен қондырғыларын әлі дайындап жатыр екен.
-Байланыс операторының қызмет сапасымен бірге байланыс жүйесіндегі ақаулар да сыннан өтеді. Бұған 1 ай уақыт кетеді. Осы 1 ай ішінде мен де өз қалаған операторымды таңдап, мына қазіргі қолданыстағы нөмірімді басқасына ауыстырып алуыма әбден болады. Бірақ, шенеуніктер мен сияқты тұтынушыларға қайта-қайта басқа операторды таңдамас үшін белгілі бір шектеу қояды.
Loading...