Елімізде орнаған аптап ыстықтан жұрт естерінен танып құлап жатыр

+ 49 градус! Шымкенттегі сынап бағандарынан осы сан бірнеше күннен бері түспей тұр. Тек түнде 10-15 градусқа бәсеңдейді. Күннің аптабы жаз бітпей жатып, жасыл желектерді сарғайтып жіберген. Асфальт жолдар ери бастады. Қазір мұндағы жедел жәрдем қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Ми қайнатар ыстықтан түрлі аурулар өршіп, шақыртулар 40 пайызға артқан.

Гүлназ Бақтыбаева, Шымкент қалалық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орныбасары:     

-Зардап шегіп жатқандар жасы үлкен кісілер, жүкті әйелдер, қан қысымы көтерілетін науқастар. Жұқпалы аурулар да бар.

Ал, Алматыда бүгін ауа температурасы 43 градусқа жетті. Мұндағы жұрт қаланың ортасындағы Сайран көлінен сая іздеп жүр. Таңғы сағат тоғыздан бастап, қас қарайғанша адам қарасы үзілген емес. Сондықтан құтқарушылардың да жұмысы қауырт.

Дамир Гизатулин, құтқарушы:

-Көлге демалушылар көптеп келеді. Әсіресе, балалар өте көп. Түнгі сағат 9-10-ға дейін суға түседі. Біз бәрін мұқият бақылап отырмыз...

Ыстықта Каспийге сүңгіп кететін ақтаулықтар болса, қазір қайда барып жан бағарын білмей дал. Бүгін ауа райы мұнда да қызып тұрса, теңіз суының температурасы керісінше төмендеп кеткен. Плюс 15 градустан аспай тұр.

Ольга Иванова, Ақтау қаласының тұрғыны:

-Күн қызып тұр. Жатып қыздырынуға әбден болады. Бірақ суға түсу мүмкін емес. Тоңып қаласың. Алдыңғы күндері бұдан да салқын болған. Қазір тым болмағанда жағалауда су кешіп жүруге болады.

Күннің ыстық, судың салқын болуы - солтүстік-батыстан соққан желдің әсерінен дейді синоптиктер. Жел суық жақтан салқын суды қуып келген. Сондықтан қазір қалалық жағажайлар босап тұр. Суға тек балалар мен морждардан басқа ешкім беттей алар емес.

Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, таяу күндері күннің көзі қайтпайтын түрі бар. Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында  сынап бағанасы 43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал, Қызылордада 46 градусқа дейін жетеді. Аптап ыстық 20-шілдеге дейін тұрады деп болжануда. Сондықтан мамандар, тапа-тал түсте далаға шықпауға кеңес береді. 

Loading...