Елімізде қызмет бабында жүріп қаза тапқан білікті дәрігерлер

Сaravan.kz медиа-порталы солардың бірқатарын еске түсіріп көрді.

3-қазан күні кешкі уақытта Алматыдан Шымкентке дәрігерлер бригадасы ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелге көмектесу үшін аттанған. Алайда әуе кемесі көп ұзамай апатқа ұшырады. Қаза болған бес адамның арасында Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы болған.

2016 жылы қаңтардың 28-і күні Алматы облысының Қапал елді мекені маңына тікүшақ құлап, апатқа ұшырады. Бортта болған адамдардың барлығы дерлік қаза тапты. Үшарал қаласынан күндіз ұшып шыққан тікұшақ Талдықорған қаласына қонуы тиіс еді. Бортта науқастанған екі айлық бала мен анасын ауруханаға алып келе жатқан санавиция фельдшері 23 жастағы Гүлнұр Хамитова мен 52 жастағы дәрігер-гематолог Бақытгүл Қайсанова болған.

Гүлнұр Хамитова
Бақытгүл Қайсанова

Сондай-ақ дәрігерлердің қызмет бабы кезінде жол апатынан да қаза тапқан оқиғалары да жиі орын алды.

Мәселен биыл мамыр айында Қостанайда кроссовер мен "жедел жәрдем" көлігі соқтығысып, салдарынан қызмет бабындағы дәрігер қаза тапты. Жол апаты жедел жәрдем қызметінің жүкті әйелді алып келе жатқан кезінде болған. Көз жұмған медициан саласының қызметкері Анастасия Авраменко 34 жаста болатын.

Анастасия Авраменко

Маңғыстау облысында 2013 жылы 17 маусым күні жол апаты орын алып, онда Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының неврология кафедрасының меңгерушісі, профессор Нұрлан Қайшыбаев пен жазушы Ә.Кекілбаевтың үлкен ұлы, республикаға танымал дәрігер Әулет Кекілбаев қаза тапқан.

2013 жылы қараша айында Жамбыл облысында жол апатынан дәрігер қаза тапты, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауыр жарақаттанды. Жол көлік апаты «Алматы - Ташкент» автокөлік жолының 293 шақырымында Меркі және Қордай ауылдарының арасында болған. Қаза тапқан уролог-дәрігер Еркін Қуанышәлиев танымал білікті маман болатын.