«Зейнетақы жинақтау жүйесі бір ортаға тоғыссын» деген ұсынысты 2013-тің қаңтарында Президенттің өзі көкпарға тастаған. Айтақтамаса үрмейтін шенеуніктер міне арада жыл өтпей Елбасынан айтқанын екі еткізбей орындады. 10 зейнетақы жинақтаушы қорындағы қыруар қаражат пен том-том құжатты сиясы кеппеген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қотарды. Қазір бәсекелессіз дара шыққан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жалпы сомасы 4 триллион теңге мен 9,6 миллион келісім-шарт бар. Дегенмен нарықта жалғыз қордың қалғаны кей салымшының көңілінен шықпады.
Қанат Сыдықов, салымшы:
-Бір зейнетақы қорынан екінші зейнетақы қорына ауысып инвестициялық кірісі неғұрлым жоғары болатын болса мен сол қорға ауыса алатынмын. Ал қазір ондай таңдаудан құр қалдық. Сондықтан біз білмейміз қандай инвестициялық кірісті бізге береді қайсысын бізге бермейді.
Бұл сөздің де жаны бар, енді салымшыға құйылатын пайыздық үстеме барлығына бірдей. Мәселен ақпанда бұл көрсеткіш 6%-ға жуықтаған. Қаржы нарығындағы ахуалға қарай салымшыларға аударылатын үстеме де өзгеріп отырмақ. Және зейнетақы қорында неғұрлым көп қаржы болса үстеме де соғұрлым қомақты болады. Қалтасы мен қорындағы қаржыға көлденең көк аттылар қол сұға ма деп қорыққан ел қазірден жаңа қордың кеңсесінде ұзын-сонар кезекте, нақты ақпарат алудың қамымен жүр. Бір қызығы, Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алынған анықтамада қарапайым қарашаның жинақ ақшасы тым азайып қалған. Бірақ бұл жүйенің қауіпсіздікке бағытталған бір бөлігі екен.
Жанар Төлегенова, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы директоры:
-Салымшылар толық ақпарат алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қазірден бастап келсе болады. Біз негізгі жиналған қаражатқа, зейнетақы қоры қосқан пайыздық үстемені қосып көрсетеміз. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтарында тек жұмыс берушінің аударған қаржысы көрсетіледі. Мұның барлығы салымшының қауіпсіздігі үшін, ешқандай басы артық мәселе жоқ.
-Бұған дейін қарапайым қарашаның айлығынан алынған қаржыны қамбаларына құйып, қауіпсіз жиып келген 10 бірдей зейнетақы қоры жабылды деп жоқтау айтудың қажеті жоқ деді жауаптылар. Аты өзгергенмен заты сол қалпында екен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының. Триллиондаған теңгелерде тиынына дейін түгел аударылған. Енді тек бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына архивте шаң басқан құжаттарды жеткізу ғана қалған. Ол жоспар бойынша 26 маусымында мадиықталуы қажет.