Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдәев мәлім етті.
«2013 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы сомасы 125,1 млрд. теңге көлемінде 316 салық төлеушіге қатысты салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша материалдар берілді. Оның ішінде 104 салық төлеушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, 22,6 млрд. теңге өндіріліп алынды», - деп атап өтті Ә.Жұмаділдәев.
Оның айтуынша, бюджетке келтірілген залал көрсеткіші 2012 жылдағы көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары болып отыр. Мәселен, 2012 жылы жалпы сомасы 129,7 млрд теңгеге салықтық тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық белгілері бар 639 материал берілген. Оның ішінде 139 заңды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, 9,3 млрд теңге өндіріліп алынған.