- Грузия, Молдавия, Шығыс-Еуропа сынды мемлекеттер жемқорлықтың деңгейін жою үшін ең алдымен жалақыны көтерген. Мысалы, Грузия еңбекақыны үш есеге арттырып, шенеуніктердің санын екі-үш есеге қысқартқан. Біз де осы мәселені қарастырып жатырмыз, дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.
Шпекбаев егер шенеуніктердің жалақысын көтерсек, жемқорлық та жойылады деп отыр. Себебі мемлекеттік қызметкерлер табысы төмен болған соң жұрттан пара алады екен. Соңғы 2 жылда 2 мыңға жуық шенеунік ауызбастырық алғаны үшін жауапқа тартылған. Енді агенттік жемқорлықты түбегейлі жою үшін мемлекеттік аппаратты 35 пайызға қысқартып, қалғандарының жалақысын екі есеге арттыруды ұсынып отыр. Қазір елімізде 99 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар. Мәселен, мұғалім, дәрігер мен ауыл шаруашылығы мамандарының орташа жалақысы 40-50 мың теңге. Сондай-ақ, агенттік жемқор мекемелердің қара тізімін жасапты. Биыл пара алудан полицейлер алдына жан салмаған. Кейінгі орындарда дәрігерлер, ұстаздар мен мемлекеттік сатып алуға жауаптылар тұр.