Марканың өлшемі - 28х40 мм, номиналы 140 теңге, таралымы 50 000 дана. Парақтағы марканың саны - 10 дана, перфорациясы жоталы, төрт бояулы офсетті баспа, суретшісі Данияр Мұхамеджанов. Маркада Қашқария сапары картасының аясында Шоқан Уәлихановтың портреті бейнеленген.
Сондай-ақ пошта маркасымен қатар алғашқы күннің хат қалтасы және арнайы пошта мөртабаны жасалды.
Салтанатты рәсімге "Қазпошта" АҚ-ның қызметкерлері, РФ елшілігінің өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
"Бұл шара Ресей елінің байланыс және комуникация министрлігінің бастамасы. Бүгінгі шара еліміз үшін де емес, Ресей елі үшін де маңызды шара. Шоқан Уәлиханов қазақтың ұлы бола тұра, Ресейдің құрметті азаматы атанды. Ол екі елдің тарихы мен географиялық ғылымына үлкен, баға жетпес еңбек сіңірді", - деді "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Мұхтар Әбдірахманов.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Ресей Федерациясының Бас консулы Борислав Мещанинов: "Бүгін бір уақытта Ресей елінің пошталарында бұл марканың енгізілетіндігі біз үшін де қуанышты. Қазақтың біртуар ұлының Ресей еліне де сіңірген еңбектері баға жетпес. Шоқан Уәлихановтың дипломатиялық миссиясы үшін біз де, сіз де қарыздармыз. Біріккен жоба тағы да екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты айқындайтын шара болды"- деп атап өтті.
Шара соңында "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы мен Ресей Федерациясының Бас консулы конверттерде қолтаңбаларын қалдырып, альбомдарымен алмасты.