Әлеуметтік желіде қазақстандықтар су тасқыны кезінде арам өлген малдың етінен фарш пен шұжық жасалады деген теориялар құра бастады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Сарапшылар мұндай жағдайдың қаншалықты мүмкін екендігіне жауап берді.
Қазақстан бір айға жуық су тасқынынан зардап шегіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, су тасқынынан 8 мыңнан астам мал қырылған. Шаруаларға өлген малдың өлексесін көрсеткен кезде келтірілген шығынды өтеу уәде етілген. Алайда әлеуметтік желідегі қазақстандықтар белгілі бір себептермен өлген малдың еті базар сөрелерінен немесе ет өнімдерінде (шұжық және т.б.) пайда болуы мүмкін деп санайды.
Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев мұндай сценарий болуы мүмкін деп есептейді. Ол «өлі етті» сату фактілері бұрын да болғанын ескертті.
"Жалпы бұл мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлар болмас үшін ветеринарлық бақылау комитеті мен барлық мал дәрігері бақылауды күшейтуі қажет. Ет өткізу орындарында (базарлар, супермаркеттер, фабрикалар) тексеру шараларын жасау керек. Мал сойылғаны туралы анықтамаларды, фотолар немесе бейнелерді енгізу қажет. Ал дөнер етіне келсек, олар да еттің қайдан келетінін түсініп, құжат сұрауы керек. Өлген малдың етінен пайда тапқысы келетіндермен қоғам болып күресу керек", – деді сарапшы.
Мақсұт Бақтыбаев өлген малдың етін жеу денсаулыққа кері әсер ететінін айтты.
"Жануар өлді, оның денесінің ыдырау процесі басталады. Онда түрлі бактериялар дами бастайды. Сәйкесінше адам ағзасына түссе, денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін", – деді Қазақстан ет одағының төрағасы.
Бақтыбаев етті ұзақ уақыт термиялық өңдеуге және тартылған ет сатып алуды біраз уақытқа тоқтатуға кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді жерлерде тартылған ет қосылған өнімдерді сатып алмауды ескертеді.