Статистикаға сүйенсек, елімізде түрлі себеппен жылына кем дегенде 500-ге жуық адам өз-өзіне қол салады екен. Өкініштісі, соның тең жартысы жасөспірімдер. Көбі сезімнің құрбаны болғандар. Осыдан 4 ай бұрын дәл осындай оқиға Алматыда тіркелді. Бірі 17, енді 15 жастағы қос жеткіншек 12-ші қабатта бірге секірген болатын.
Ермек Болтаев, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
- Қыз құлаған уақытта денесі сол жердегі темір дарбазаның үстіне түскен де екіге бөлініп кеткен. Ал бала құлағанда көліктер тұратын трубаларға соғылған.
Қос жеткіншектің махаббатына жақындары қарсы болған деген болжам бар. Осыған ұқсас оқиға Ақтауда да тіркелді. Сүйіктісіне сүйетінін дәлелмекке әрекеттенген бойжеткен 9-шы қабаттан секіріп кеткен. Ал Өскеменде де қыз көңілін жаулай алмаған 21 жастағы жігіт суицидке барды. Мамандардың айтуынша, осындай сезімнің желегімен кетіп, өмірін қиған жеткіншектер санынан еліміз ТМД бойынша 2-ші орында тұр.
Сергей Скляр, балалар психиатры:
- 2011 жылы ел көлемінде 3 мың 224 суицид дерегі тіркелсе, соның мыңға жуығы балалар болыпты. 2012 жылы да шамамен осы көрсеткіш тіркелді. Сондықтан біз арнайы көмек беретін, дағдарыс орталық ашпақпыз. Сәтін салса, 2014 жылдары іске қосылмақ. Елдың барлық өңірінде.
Отандық психиатрлар сондай-ақ соңғы уақытта балалар арасындағы суицидке интернеттің де біршама әсер беріп отырғанын айтады. Бұл сөздің жаны бар. Мәселен, желінің бетіне «өз-өзіне қол салудың әдісі» деп жазсаңыз болғаны, молынан мәлімет аласыз. Тіпті әдістерін де егжей-тегжейлі көрсетіп береді.
Өткен аптада осындай ғаламтордағы сайттың бірінің кесірінен 12 жастағы оқушы өз-өзіне қол салды. Жеткіншектің компьютері жіті зерттелуде. Өлімге итермейлейтін түсініксіз сайттарды еліміздің Бас прокуратурасы да қазір қатаң тексеруге алып отыр.
Ал бұл былтыр Алматыдағы ықшамауданның бірінде тіркелген оқиға. Соттың әділетсіз шешімімен баспанасынан айырылған көпбалалы ана Светлана Тұрғынбаева өзін-өзі өртеп жіберген еді. Ал мынау Атырауда болған суицид. Банк алдындағы берешегі 2 млн. теңгеден асқан 37 жастағы келіншек 12-ші қабаттан секіріп кетті. Яғни, соңғы уақытта тұрмыс тауқыметінің де өлімге себепші болып жатқан жайы бар. Әскерде де әлімжеттіктің кесірінен өліп жатқан сарбаз саны қаншама. Дей тұрғанымен, мамандар 90-шы жылдардағы тоқырауға қарағанда, бүгін де суицидтің мейлінше азайғанын алға тартады.