Елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аталып өтуде

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді. Бұл күн ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан 16-17 желтоқсан күндері күнтізбеде демалыс болып табылады. Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен (наградалар) марапатталады. 16 желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерлерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кешке қарай үлкен орталықтардың аспаны отшашумен көмкеріледі. Тәуелсіздік - тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы күнге орай биылғы
құттықтау сөзінде
: "Біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен көне түріктің бөрлі байрағының мұрагері Көк туымызды БҰҰ-ның төрінде желбіреттік. Әнұранымызды әлем төрінде қалықтатып, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгемізді енгізіп, Ата-заңымызды қабылдадық. Шекарамызды шегендеттік. Мемлекеттік тілімізді әлемнің ең биік мінбесінен сөйлеткіздік" деді.

Кең ауқымды шаралардың көбі Астанада ұйымдастырылуда. Елордадағы бүгінгі думан сағат 22:00-де мерекелік отшашумен аяқталады