Министрдің хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан облысында 12, Алматыда 8, Жамбыл облысында 5, Павлодар облысында 4 бала 120 балл жинады. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Астананың әрқайсысында үш бала, Шығыс Қазақтан, Ақтөбе, Атырау және Алматы облыстарында бір баладан ең жоғарғы балл жинады.
Сонымен бірге тестілеу шарасына қатысқан 5184 бала немесе түлектердің 2,8 проценті 100 балдан жоғары балға ие болды. Былтыр бұл көрсеткіш 0,7 процент болған. Биыл түлектердің 25,4 проценті 71-100 балл, 58,3 проценті 40-70 балл жинады. Жалпы республика бойынша бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысының орташа балл саны 60,4 болды. Түлектердің 13,5 проценті немесе 24 535 бала шектеулі шамадан төмен (0-39 аралығында) балл жинады.
Б.Әйтімованың айтуынша, биыл "Алтын белгі" мен өзгеше үлгідегі аттестат алудан үміткерлердің 66,8 проценті өз біліктіліктерін дәлелдеді. Биыл мектеп қабырғасындағы ең жоғары марапатқа 1540 түлек ие болмақ. Бұл былтырғыдан екі есе артық. Сонымен бірге министрдің айтуынша, 90 балдан жоғары бағаға ие болған 14 649 түлек президенттің "Болашақ" шәкіртақысынан үміткер ретінде байқауға қатыса алады.
Жалпы алғанда министр биыл Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы былтырғыдан біршама жоғары болғанын атап өтті.
Білім министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл Бірыңғай ұлттық тестілеуге түлектердің 81,2 проценті немесе 182 386 бала қатысты. 2004-жылы бұл көрсеткіш 76,4 процент еді. Соның ішінде 106 958 бала қазақ тілінде білім алса, 75 428 бала орыс тілінде білім алған. Бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысқан балалардың саны бойынша қалалар мен облыстар мынадай орында : Астана (92,9%), Қарағанды облысы (92%), Алматы (91,8%). Ал Жамбыл (77,8%), Алматы облысы (74,2%), Оңтүстік Қазақстан (64,1%) облыстарында балалар тестілеуге ең аз қатысты.
Б.Әйтімованың айтуынша, Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша тест сұрақтарына қатысты 371 апелляция тапсырылып, оның 147-сі қанағаттандырылды. "Тест сұрақтары бойынша ең көп апелляция, немесе 108 апелляция Қазақстан тарихы пәні бойынша беріліп, оның 49-ы қанағаттандырылды, ал 55 апелляция қазақ тілі пәні бойынша тапсырылып, оның 16-сы қанағаттандырылды, 48 апелляция математика пәні бойынша тапсырылды, оның 25-і қанағаттандырылды",- деді министр. Қазір министрлік оқулықтарды, соның ішінде бірінші кезекте Қазақстан тарихы пәнінің оқулықтарын жаңалауға кірісті, деді министр.