Отандық дәрігерлердің алаңдауына негіз бар. Өйткені, қазір көптеген шет елдерде доңыз тұмауы өршіп тұр. Мәселен, Украинада қатерлі дертті жұқтырып 30-ға жуық адам мерт болған. Арменияда да жағдай қиын. Мұнда оннан астам азамат қауіпті вирустан көз жұмды. Қаза болғандардың арасында аяғы ауыр әйелдер, балалар мен егде жастағы кісілер көп. Ал, астаналық дәрігерлер болса, бізде бұл індеттің маусымы әлі басталмағанын айтады. Яғни, әзірге жұрт тұмау жұқтырып жапай емханаға ағылып жатқан жоқ. Алайда, ақ халаттылар аурудың алдын алуды ескертеді. Ол үшін дер кезінде екпе салдыру керек. Үкімет 1 млн адамға екпе салуға қаржы бөлген. Ең алдымен балалар, жүкті келіншектер мен зейнеткерлер екпені тегін алады, қалған тұрғындар 3 мың теңге төлеп ақылы қабылдайды.
Флюра Шайфулина, Астана қаласындағы №9 емхана дәрігері:
-Әдетте екпені тұмау маусымы басталардан екі ай бұрын салу керек. Өйткені, адам ағзасында иммунитет бір айдың ішінде қалыптасады. Биыл екпе салдырғандардың саны былтырмен салыстырғанда аз.
Loading...