Тұңғыш рет драма күйінде сахналанғалы отырған қойылымның режиссері Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов. Балетмейстері «Жаңа Опера» театрының бас балетмейстері (Мәскеу қаласы) Иван Фадеев.
Махаббат жөніндегі қазақша «Кармен» Проспер Мерименің атақты новелласы желісімен қойылған. Бүгінде Мерименің бұл туындысы тек кітап күйінде ғана емес, сахна арқылы опера мен балетке айналған нұсқада да өнерсүйер жұртшылық жүрегін әлдеқашан жаулап үлгеріп, әлемді дүр сілкінткен болатын.
Елімізде Жорж Бизенің арқасында ел танитын «Кармен» операсы мен «Кармен-Сюита» балеті мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында аса сәтті көрсетіліп жатыр, ал драмалық қойылымы тұңғыш рет қойылмақ.
Сымбатты да сұрқия келбеті, бойдағы жалын атқан жастық қуаты, асқан сұлулығы мен тартымды тәкаппарлығы арқылы жігіт біткенді өзіне ынтық еткен испандық сыған қызы жайлы хикаяны енді өнерсүйер қауым қазақ театры сахнасынан тамашалай алатын болады.
«Проспер Мерименің «Кармені» әлемнің опера сахналарында нұсқаланып, балет болып қойылған ұлы шығармалардың бірі. Бірақ, әлемде «Карменнің» драмалық нұсқасы болмаған. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзімнің «Кармен» жайындағы фантазиямды жазып, драмалық нұсқасын жасап шықтым. Өйткені қазақ театрлары тек қана өзіміздің драматургтермен, болмаса Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Ресейдің авторларымен ғана шектеліп қалмай, әлемдік мәңгілік классика туындыларына да батыл келер кез туды. Сол тұрғыдан келгенде біз осы Мерименің «Карменінен» бастап отырмыз. «Кармен» - бұл өзінің өміршеңдігін ғасырлар бойы дәлелдеген ұлы шығарма. Біздің негізгі мақсат - біріншіден, көрерменге осы үлкен шығарманы жоғары деңгейде көрсету болса, екінші жағынан «Карменді» қазақ актерлерінің ойнай алатынын дәлелдеу болып табылады. Біз оған толықтай пісіп, жетілдік. Қазақша айтқанда, қызымыз бой түзеп, жігітіміз ер жетті. Ал енді қойылымның негізгі жаңалығына келетін болсақ, «Карменнің» театрға келуінің өзі үлкен жаңалық. Осыны негізге алсақ, «Кармен» - бұл тек қана қазақ көрермені үшін емес, әлемдік театрлар тарихындағы үлкен бір құбылыс болады ғой деген үміттемін», - деді спектакльдің авторы әрі режиссері Талғат Теменов.
Арнайы осы жоба үшін Мәскеуден шақырылған атақты балетмейстер-хореограф Иван Фадеевтің айтуынша, бұл қойылым - мюзикл емес. «Бұл музыка қосылған, тіпті барлық қойылым үстінде музыка ойнайтын жанр. Би, мәтін, драма-бәрі осы қойылымда бар», - дейді ол.