Елімізде тұңғыш рет қолынан айырылған мүгедекке бионүктелі протез орнатылды

Сәкен Оспанов осыдан екі жыл бұрын көлік апатында оң қолынан айырылыпты. Бұған дейін тек эстетикалық маңызы бар кәдуілгі протез киіп жүрген. Енді міне жаңа электронды қолға үйреніп келеді.

Сәкен Оспанов, бірінші топтағы мүгедек:  

- Ана протезге қарағанда оңды.  Ол не көтермейтін, не жабылмайтын.  Мынау көтеріледі, жауып, ұстауға болады бірдеңе.

Бионүктелі қолдың құны Еуропада кемі 38 мың еуро. Петропавлдық протез зауытының мамандары оның қосалқы бөлшектерін шетелден сатып алып, өздері құрастырған. Нәтижесінде еуропалық үлгіден еш кем емес дүние 3 есе арзанға түскен. Қосалқы бөлшектерден дайын қол жинау үшін Петропавл протез зауытының технологы бір жарым ай бойы Германияда тәжірибеден өтіп келіпті. 

Федор Энгель, технолог:

-  Адамның иығындағы бұлшық етке  арнайы датчиктер орналастырады. Олар ми импульстарын электронды қолға жеткізеді, саусақ қимылдай бастайды. Оның бәрін пациентке үйрету үшін бір жарым ай бейімдеу курсынан өту керек.  

Электронды протез мүгедектің бойына және салмағына лайықталып жасалады. Ол пациенттің ми импульстарымен басқарылатындықтан, Сәкен оған бұйрық жіберуді енді үйреніп келеді. Тілшілердің алдында аздап қобалжыған оның электронды қолы пациенттің бұл импульсына өзінше жауап қатты.   


Әлемде бионүктелі қолдың жобасы алғаш рет 15 жыл бұрын пайда болған екен. Содан бері ол ұдайы жетілдіріліп келеді. Алғашқы электронды қолдар  тек бір затты қысып ұстап тұра алатын ғана болса, қазіргілері сол затпен түрлі жұмыстар жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, қалам алып хат жазуға болады немесе балғамен шеге қағуға болады.

Қазір Петропавл протез зауытында тағы алты бионүктелі қолға жететін қосалқы бөлшектер жатыр. Ал еліміздің бес өңірінің мүгедектеріне қызмет көрсететін бұл кәсіпорында электронды протезге зәру мыңдаған жан кезекте тұр.